Президенттің сөзінше, ана тілінің өзге тілдермен байланысын қамтамасыз ету маңызды. Осы орайда ол "Қазақ тілі" қоғамы жүзеге асырған Oxford Qazaq Dictionary жобасын жалғастыруды ұсынды.
"Қазақ тілін Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі ресми тілдерімен жалғайтын сапалы екі тілді және көптілді сөздіктер әзірлейтін уақыт келді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазақ-француз, қазақ-испан, қазақ-қытай, қазақ-араб, қазақ-неміс, қазақ-итальян, қазақ-жапон, қазақ-корей және қазақ-парсы сөздіктерін әзірлеу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар қазақ-орыс сөздігін де уақыт талабына сай жаңартуды тапсырды.
"Тілдің халықаралық байланысын нығайту арқылы мәдени және ғылыми ықпалдастыққа жол ашылады, еліміздің зияткерлік әлеуеті артады", – деді Мемлекет басшысы.
Президент сөздіктердің электрондық нұсқасын әзірлеп, оларды тұрақты түрде толықтырып отыру маңызды екенін айтты.