Президенттің айтуынша, "Қазақ тілі" қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлы оған "Дала орманы" жобасын таныстырған.
Жоба аясында ұйым серіктестерімен бірге бір жылдың ішінде 400 гектар жерге 5 миллион тал еккен. Нәтижесінде еліміздің үш облысында төрт ірі орман питомнигі құрылған.
Енді бастаманың ауқымын кеңейту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, әр ауылдың маңынан 25 гектар, аудан орталықтарының жанынан 50 гектар, ал ірі қалалардың маңынан 100 гектар аумақта көшет өсіретін саябақтар ашу көзделген.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы толық қолдайтынын айтып, Үкімет пен әкімдіктерді жобаға белсенді қатысуға шақырды.
"Қазақтың даласы орманға айналмайды деп кім айтты?! Орманды өсіру де, даланы жайнату да біздің қолымыздан келеді. Сондықтан "Дала орманы" жобасын сапалы жүзеге асыру өте маңызды. Бәріміз қолдайық", – деді Президент.
Мемлекет басшысының сөзінше, жобаны жүзеге асыру Қазақстандағы орман алқабын 14,5 миллион гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл "Қазақ тілі" қоғамының "Таза Қазақстан" бастамасына қосқан нақты үлесі болмақ.