Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Әуезов аудандық патрульдік полиция қызметкерлері бір ер адамды тоқтатқан.
Оның күртесі мен джинсы шалбарының қалтасынан ұнтақ тәрізді зат салынған бірнеше түйіншек табылған. Заттар зип-пакеттерге бөлініп салынған. Сондай-ақ одан ұялы телефон тәркіленді.
"Белгілі болғандай, ер адам Telegram арқылы табыс табу туралы ұсыныс тапқан. Белгісіз адамдар оған тыйым салынған заттарды жеткізіп, арнайы жасырын орындарға қалдырғаны үшін ақша төлеуге уәде берген. Ұсталған күні оған қала аумағында осындай 10 жасырын орын дайындау тапсырылған. Алайда ол жоспарын соңына дейін орындай алмады. Полиция көліктерінің көптігін көргенде күмәнді заттарды тастауға тырысқанымен, ұсталды", – деп хабарлады ПД 2026 жылғы 10 қарашада.
Тәркіленген зат сараптамаға жіберілді. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.