Мемлекет басшысы бауырлас Түркия халқына қайғыра көңіл айтып, қаза тапқандардың жақындарына сабыр тіледі. Сондай-ақ жарақат алған азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.
Еске салайық, 9 қарашада Измир провинциясының Алиага ауданындағы HABAŞ металлургия зауытында жоспарлы жөндеу жұмыстары кезінде жарылыс болып, арты өртке ұласқан. Оқиға салдарынан бірнеше жұмысшы үйінді астында қалған.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер, құтқарушылар мен медицина қызметкерлері жедел жеткен. Соңғы мәлімет бойынша, апаттан қаза тапқандар саны 17 адамға жеткен. Бұған қоса, оқиғаға байланысты алты күдікті ұсталған.