Оның айтуынша, негізгі себептердің бірі – қазақстандық ғылымның кадрлық әлеуетінің әлсіреуі.
"1990 жылдары ғылыми әлеуетіміз айтарлықтай әлсіреді. Көптеген ғылыми мектептен айырылдық. Бұл Кеңес Одағындағы ғалымдардың үшінші буыны еді. Ал ғалымдарды даярлау – ұзақ әрі өте күрделі үдеріс. Спортшыларды даярлауға бұдан аз уақыт кетеді. Мысалы, Майкл Фелпс ұлы Олимпиада чемпионы атану үшін 10–15 жыл бойы күн сайын жаттықты. Ғалымдарды даярлау да ұзақ уақытты талап етеді. Екінші буынға келсек, 1970–1980 жылдары математика, биология және генетика салаларында өте мықты ғылыми мектептер қалыптасты. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін біз осы сабақтастықты жоғалттық", – деді Саясат Нұрбек.
Министрдің сөзінше, КСРО тарағаннан кейін көптеген ғалым қызметін өзгертіп, басқа салаларға ауысқан.
"Қарапайым бір дерек: 1990 жылдары Кеңес Одағы ыдыраған кезде Қазақ КСР-інде ресми түрде 52 мың ғылыми-техникалық қызметкер тіркелген. Ал 2000 жылға қарай олардың саны небәрі 12 мыңға дейін азайды. Осылайша, ғалымдардың тұтас бір буыны ғылымнан кетті. Олардың едәуір бөлігі мемлекеттік қызметке ауысты. Бұлар 1990 жылдары мемлекеттік қызметке, банк секторына және басқа да салаларға тартылған білікті, болашағынан үміт күттіретін ғалымдар еді. Қазір біз келесі буынды даярлап жатырмыз. Бірақ бұл – өте күрделі үдеріс", – деп толықтырды министр.
Бұған дейін Саясат Нұрбек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студентінің қазасына қатысты пікір білдірген еді.