Журналистер елорда мектептерінің жоғары сынып оқушылары арасында дүрбелең байқалатынын жеткізді. Бұған кейбір тұлғалардың, яғни өзін ЖОО өкілдері ретінде таныстырғандар мектепке келіп, "келесі жылдан бастап ЖОО-ға түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестіні (ҰБТ) емес, жаңа Admission Insight Test тапсырасыздар" деген ақпаратты таратуы түрткі көрінеді.
Осыған байланысты журналистер министрден бұл ақпараттың қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін сұрады.
"Өз басыма жауапкершілік ала отырып, мәлімдеймін: келесі жылы ҰБТ сақталады. Жаңа тест тек пилоттық жоба, яғни балама ретінде абитуриенттердің қалауы бойынша ғана енгізіледі. Сондықтан бұл қауесеттер мен жалған ақпаратқа сенбеңіздер, тек министрлік пен Ұлттық тестілеу орталығының ресми мәлімдемелеріне ғана сүйеніңіздер", - деді Саясат Нұрбек.
Оның айтуынша, мұндай ақпаратты тарату мақсаты – сенгіш ата-аналардың есебінен ақша табу.
"Бұл арадағы бақай есеп - ата-аналардың дүрбелеңге түсіп, қосымша білім беру орталықтарына, әртүрлі тестілеу орталықтарына жаппай тұра жүгіруі, соның есебінен пайдаға кеңелу. Ең бастысы – біз әлі жария етпеген бұл тестке олар балаларды қалай дайындай алады?.. Ол әлі әзірленіп жатыр. Бірақ, біз оны тіпті ресми түрде әлі көпшілік алдында таныстырған да жоқпыз. Бұл таза алаяқтық дер едім. Тағы да айтамын, аталған тест келесі жылы пилоттық режимде абитуриенттің қалауы бойынша іске қосылады", – деді ол.
Admissions Insight Test немесе AIT Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығымен және ETS халықаралық ұйымымен бірлесіп әзірленуде. Бұл құрал пәндік білімді, сыни тұрғыдан ойлауды, аналитикалық және зерттеу дағдыларын ескере отырып, абитуриенттің оқуға дайындығын бағалауға тиіс.
Бұған дейін Ғылым министрі "отандық ЖОО-лардағы оқу ақысы қымбат" деген пікірмен келіспейтінін айтқан болатын.