Министрдің сөзінше, ведомство мұндай жағдайға тап болған журналистерге заң көмегін көрсетуге дайын.
БАҚ өкілдері соңғы уақытта журналистердің әлеуметтік желілердегі аккаунттары жиі бұғатталып жүргенін айтты. Олар министрден мұның себебі ведомствоға белгілі ме және журналистерге аккаунттарына қайта кіруге көмектесе ала ма деп сұрады.
"Facebook болсын, Instagram болсын, аккаунтты бұғаттау туралы шешімді платформаның өзі қабылдайтынын білесіздер деп ойлаймын. Мемлекеттік орган да, жеке ұйым да, басқа корпорация да өз бетінше біреудің аккаунтын бұғаттай алмайды. Аккаунтты бұғаттауға платформа ережесінің бұзылғанын көрсететін дәлелдер, яғни страйктар негіз болады. Себептері әртүрлі болуы мүмкін. Сіздер атаған жағдайлардың ешқайсысында мемлекеттің немесе қандай да бір квазимемлекеттік органның аккаунттарды әдейі бұғаттатқаны расталған жоқ", – деді Арман Қырықбаев.
Министрдің айтуынша, ведомствоның мұндай жағдайларды тергеуге өкілеттігі жоқ. Аккаунттың бұғатталуына авторлық құқықтың бұзылуы да себеп болуы мүмкін. Мысалы, журналист өзгенің материалын байқаусызда пайдаланып қойса, құқық иесі шағым түсіруі мүмкін.
"Сондықтан мұндай жағдайда тиісті құқық қорғау органдарына, соның ішінде ұлттық қауіпсіздік органдарына, ІІМ мен прокуратураға жүгінген жөн болар. Біз өз тарапымыздан қажетті заң көмегін көрсетуге дайынбыз", – деді министр.
Бұған дейін Құрылтай депутаты Александр Данилов Meta компаниясы Қазақстанда өкілдік ашудан бас тартқан жағдайда, оған тиесілі әлеуметтік желілер бұғатталуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берген еді.