Журналистер 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне шектеу енгізілсе, олардың жасы қалай тексерілетінін сұрады. Сондай-ақ олар мұндай тексеру кезінде балалардың дербес деректері қаншалықты қорғалатынына алаңдаушылық білдірді.
"Меніңше, мұнда қауіп жоқ. Дербес деректерді қорғау – негізгі қағидаттардың бірі. Баланың неше жаста екенін растау үшін оның ЖСН-і немесе басқа деректері беріледі деп алаңдайтындар бар. Ондай жағдай болмайды", – деді министр.
Қырықбаевтың айтуынша, басқа елдерде пайдаланушының жасын тексеру міндеті әлеуметтік желілердің өзіне жүктелген.
"Ірі компаниялардың мүмкіндігі мол. Олардың қолында аккаунт иесінің кім екенін қысқа уақытта анықтауға мүмкіндік беретін технологиялар бар. Платформалар жарияланған материалдарды талдайды, жасанды интеллектіні және басқа да тексеру тәсілдерін қолданады. Сондықтан пайдаланушының жасын анықтау оларға қиынға соқпайды деп ойлаймын", – деді Қырықбаев.
Бұған дейін министр мемлекеттік органдардың жауаптарын БАҚ-та жариялаған кезде оларға арнайы белгі қою туралы ұсынысқа қатысты пікір білдірген еді.