Министрліктің мәліметінше, қызмет eGov Mobile қосымшасы мен eGov.kz порталында қолжетімді. Оны материалдық әл-ауқаты жоғары немесе ауқатты санатқа жататын жәрдемақы алушылар ғана пайдалана алады.
Мамандардың айтуынша, барлық рәсім толығымен цифрландырылған. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін өтініш беру процесі үш қарапайым қадамға бөлінген.
Бірінші қадам – жүйеге кіру және деректерді тексеру
Сервисті пайдалану үшін, ең алдымен, eGov.kz порталындағы жеке кабинетке кіресіз немесе eGov Mobile қосымшасын ашасыз.
Жүйе сізді дерекқордан автоматты түрде анықтап, экранға жеке мәліметтеріңізді шығарады. Атап айтқанда, тегі, аты, әкесінің аты, ЖСН, туған күні және тіркелген мекенжайы көрсетіледі.
Екінші қадам – төлем түрін таңдау
Жеке мәліметтеріңіздің астында мемлекеттен алып жүрген барлық жәрдемақыларыңыз бен әлеуметтік төлемдеріңіздің тізімі көрсетіледі.
Осы жерден бас тартқыңыз келетін төлемді өзіңіз таңдап, тиісті белгі қоюыңыз қажет.
Бір ғана төлемнен немесе бірден бірнеше төлемнен бас тартуға болады. Таңдау аяқталған соң "Қол қою және жіберу" батырмасын басыңыз. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Үшінші қадам – шешімді растау және нәтижесін алу
Экранда әлеуметтік төлемнен ерікті түрде бас тартатыныңызды растау туралы ескерту хабарламасы пайда болады.
Егер осы сәтте шешіміңізді өзгертсеңіз, "Болдырмау" батырмасын басу жеткілікті.
Ал шешіміңіз нақты болса, "Растау" батырмасын басыңыз.
Осыдан кейін экранда "Ерікті түрде бас тарту туралы өтініш сәтті жіберілді" деген хабарлама пайда болады.
Өтініштің нәтижесі көрсетілгеннен кейін қысқаша сауалнама ашылады. Онда сіз сервистің жұмысына бес балдық шкала бойынша баға беріп, өз пікіріңізді қалдыра аласыз.
Кері байланыс біз үшін өте маңызды. Өйткені азаматтардың ұсыныстары сервисті одан әрі жетілдіріп, оны барынша қолайлы әрі тиімді етуге мүмкіндік береді.
Бұл сервис – әр азаматтың жеке құқығы мен ерікті таңдауы. Мемлекет тарапынан ешқандай міндеттеу немесе шектеу қарастырылмаған.
Егер уақыт өте келе материалдық жағдайыңыз өзгеріп, әлеуметтік қолдауға қайта мұқтаж болсаңыз, жәрдемақы тағайындау туралы кез келген уақытта қайта өтініш бере аласыз. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Қазақстанда халықтың әл-ауқат санатын анықтайтын калькулятор 2026 жылғы 16 қазанда іске қосылды. Калькулятор әл-ауқат санатын қате анықтаса, не істеу керектігін осы жерден оқи аласыз