Даниловтың пікірінше, бұрын ашылған барлық аккаунт белгілі бір мерзім ішінде тексеріледі. Олардың әрқайсысы заңның жаңа талаптарына сай болуы тиіс.
"Аккаунттарды өшіру мәселесін талқыладық. Бұл – қарастырылған шаралардың ішіндегі ең қатаңы. Біз өтпелі кезеңнің қиындықсыз өткенін қалаймыз. Сондықтан заң талаптарын біртіндеп енгізуді көздеп отырмыз. Қазір жұмыс тобында заң күшіне енгеннен кейін оны қалай қолданатынымызды пысықтап жатырмыз", – деді депутат.
Журналистер балалардың аккаунттары өшіріле ме деп нақтылап сұрағанда, Данилов "иә" деп жауап берді. Оның түсіндіруінше, егер заң мұндай аккаунттарға тыйым салса, олар өшірілуге тиіс.
БАҚ өкілдері заң күшіне енгеннен кейін балалардың аккаунттарын өшіру үшін өтпелі кезең қарастырыла ма, ол қанша уақытқа созылуы мүмкін деп те сұрады. Сондай-ақ журналистер жасөспірімдердің жасын немесе туған күнін жалған көрсетіп, қайта тіркелуіне қалай тосқауыл қойылатынын білгісі келді.
"Жасөспірімдердің қайта тіркелуіне қалай жол бермеуге болатынын талқылап жатырмыз. Тексеруді айналып өту жолдарын да қарастырып отырмыз. Соның бір мысалы – VPN қолдану. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылғыны немесе телефон нөмірін пайдаланушыға байланыстыруды ұсынды. Бірақ мұның нақты тетігін әлі де пысықтау қажет. Өтпелі кезеңнің қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз. Бұл мәселе де, өзге де егжей-тегжейлер жұмыс топтарында талқыланады. Осы нормаларды кезең-кезеңімен қалай енгізуге болатынын анықтап, халықаралық тәжірибені зерделеуіміз керек. Атап айтқанда, Австралия, Түркия және Еуропалық одақ тәжірибесін қарастырып жатырмыз", – деп толықтырды Александр Данилов.
Депутаттың айтуынша, реттеу тетіктерін әзірлегенде заманауи технологияларды ескеру маңызды. Сонымен қатар балалардың білім беру материалдарына қол жеткізу мүмкіндігі шектелмеуі керек.
Данилов қазір заң жобасының жалпы тұжырымдамасы талқыланып жатқанын нақтылады. Ал оны іске асыру тетіктерін екінші оқылымнан кейін қарау жоспарланып отыр.
Бұған дейін Құрылтай депутаттары онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелері бойынша заңнамаға енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдағанын хабарлаған едік.