Депутат E-otinish арқылы азаматтарға берілген жауаптарды тексеруді сұрады
Фото: gov4c.kz
Депутаттың дерегінше, 2025 жылы платформа арқылы бес миллионнан астам өтініш түскен.
"Жүйе хаттарды тіркеп, жауап беру мерзімін бақылайды. Ал мемлекет жұмысының басты көрсеткіші – қабылданған шешімдердің заңдылығы, олардың орындалуы және азаматтардың қайта шағымдануына себеп болған мәселелердің шешілуі. Қараша айының өзінде Құрылтайға әлеуметтік саладағы бірдей мәселелер бойынша 400-ге жуық өтініш түсті. Олардың көшірмелері басқа ведомстволарға да жіберілген. Соның есебінен статистикада үш мыңнан астам хат тіркелген, ал көтерілген мәселелер сол күйі қайталанады. E-otinish мамандарының дерегінше, мың адамнан шамамен 845 мың өтініш түскен. Мұның себептері әртүрлі. Бір мәселе шешілмей, азамат қайта жүгінуі мүмкін. Өтініш санын әдейі көбейту де ықтимал. Әр өтініштің мазмұнын талдамай, мұның қайсысы екенін анықтау мүмкін емес", – деді Бегалиева.
Депутаттың айтуынша, кейде мемлекеттік органның әрекетіне қатысты шағымды сол органның өзі қарайды. Азамат тағы да жауап алады, бірақ мәселесі шешілмейді. Содан жұрт журналистерге жүгінуге, мәселесін әлеуметтік желіде көтеруге мәжбүр. Қоғам назарын аудару биліктен жауап алудың бір амалына айналған. Бұл қоғамдағы шиеленісті күшейтіп, азаматтардың мемлекетке деген сенімін азайтады.
"E-otinish – өңірлердегі мәселелер мен азаматтардың мемлекеттік шешімдерге көзқарасы туралы маңызды дерек көзі. Платформада тәуекелдерді басқару жүйесі жұмыс істейді. Осы жүйенің деректерін жасанды интеллект көмегімен талдау ведомстволардың жұмысын өзгертуге, бюджет қаражатын жұмсаудағы басымдықтарды қайта қарауға және заңнаманы жетілдіруге көмектеседі. Президент Жолдауында бюрократияны азайтып, мемлекеттік басқарудың нәтижелілігін арттыру міндетін қойды.
Осыған байланысты Бас прокуратурадан өз құзыреті шегінде азаматтардың өтініштері заңға сай қарала ма, одан қандай нәтиже бар – соны тексеруді сұраймыз. Тексеру барысында қайталанған шағымдарға, өтініш иелеріне берілген формалды жауаптарға және шешімдердің орындалмау фактілеріне назар аударуды сұраймыз. Жүйелі заң бұзушылықтар мен олардың себептерін анықтап, прокурорлық ден қою шараларын қабылдау және анықталған бұзушылықтардың жойылуын бақылауға алу қажет. Сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, өтініштерді қарау сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстар енгізуді сұраймыз", – деді депутат.
Бұған дейін Құрылтай депутаты Тәттігүл Талаева балаларға қатыгездік көрсету мәселесін көтерген еді.