Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындардың инфрақұрылымына да назар аударды. Президенттің айтуынша, "Халықтық құрылыс" бағдарламасы ауыл-аймақтардың дамуына жаңа серпін беруге тиіс.
"Бұл орайда ауылдардың өсіп-өркендеуіне үлес қосып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындарға айрықша назар аудару қажет. Әсіресе, ірі шаруа қожалықтары орналасқан аудандардағы инженерлік желілерді жетілдіріп, олардың сапалы жұмысына қажетті кіреберіс жолдар салу керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы "Ауыл аманаты" бағдарламасына осы уақытқа дейін 150 млрд теңге бөлініп, ауылдарда 22 мыңнан астам жұмыс орны ашылғанын атап өтті.
"Әрине, бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ басты мәселе – сол 22 мың жұмыс орны қазіргі таңда сақталды ма? Қалай десек те, осы жобаның аясын әлі де кеңейте түсу қажет", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлері цифрлық сауда алаңдарын, банктер мен логистикалық компаниялардың қызметтерін пайдалана алуы керек екенін айтты. Ендігі міндет – өнімнің тұтынушыға қалай жеткізілетінін нақты келісімшарттарда белгілеу.
"Жалпы, шағын шаруашылықтары бар аудандарда өнімді қабылдайтын және сақтайтын орталықтар құру қажет. Мұндай инфрақұрылым барлық өндірушіге бірдей қолжетімді болуға тиіс", – деді Мемлекет басшысы.