Мемлекет басшысының айтуынша, осы саладағы жобаларды жедел іске асыру елдің азық-түлік импортына тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді.
Президенттің мәліметінше, соңғы үш жылда Қазақстанда азық-түлік өндірісі 15 пайызға жуық өскен. Осы кезеңде өсімдік майының өндірісі 36 пайызға, ал ет және сүт өнімдерінің өндірісі 25 пайызға артқан.
"Енді осы қарқынды сақтап, өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін барынша күшейту қажет. Тағам өнеркәсібі саласындағы жобаларды жедел саралап, жүзеге асыру керек. Бұл жобалар азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жаңа өндіріс орындарын инженерлік желілерге уақтылы қосудың маңызына да тоқталды.
"Жалпы, Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, осы салаға қолдау көрсетудің бірыңғай тәртібін әзірлеуге тиіс. Сонымен бірге оның нақты жолдарын, қаржыландыру көздерін анықтап, мерзімдерін бекіту маңызды. Бірақ бұл істе қағазбастылық әлі бар, оны мойындауымыз керек", – деді Президент.