Жаслан Мәдиевтің мәліметінше, қазір Aitu мессенджерінде 7 млн-ға жуық пайдаланушы тіркелген. Оны күн сайын шамамен 350 мың адам пайдаланады.
"Aitu-ды пайдаланған кезде мобильді интернет үшін ақы алынбайды. Платформада eGov GPT де қолжетімді. Жыл соңына дейін Aitu арқылы 55 мемлекеттік қызмет алуға болады. Сондай-ақ жыл соңына дейін eGov арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 75–80%-ын мессенджерге қосуды жоспарлап отырмыз. Мемлекеттік органдар мен "Самұрық-Қазына" компаниясы Aitu Workspace платформасын күнделікті жұмысында пайдаланып жүр", – деді Жаслан Мәдиев.
Олжас Бектенов мессенджерді енгізу қарқынына көңілі толмайтынын айтты.
"Бұл жұмысты жандандыру қажет. Aitu – жай ғана мессенджер емес. Біз оның негізінде ұлттық экожүйе құрып, бұл жұмысты белсендірек жүргізуіміз керек. Әсіресе мемлекеттік қызметшілер Aitu-ды күн сайын пайдалануға тиіс. Қызметтік ақпаратты тек ұлттық мессенджер арқылы жіберу қажет. Осы мәселені қатаң бақылауға алыңыздар", – деп тапсырды Үкімет басшысы.
Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев үш жылда телекоммуникация саласына салынатын инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеден асатынын хабарлаған еді.