KazSat-2 серігі көму орбитасына көшіріледі. Бұл нені білдіреді

Сурет: Zakon.kz
Қазақстан 2011 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан KazSat-2 жер серігін қолданыстан шығаруға дайындалып жатыр. Серіктің қызметі неліктен аяқталады? Оны Жерге қайтара ма? Орнын қандай аппарат басады? Zakon.kz осы сұрақтарға жауап іздеді.

Қазақстан KazSat-2 серігін неге қолданыстан шығарады?

KazSat-2 серігінің жұмыс орбитасынан шығарылатыны туралы хабар қазақстандықтар арасында бірқатар сұрақ туғызды. Аппарат істен шықты ма? Әлде ескіріп, өз міндетін атқара алмай қалды ма?

"Республикалық ғарыштық байланыс орталығы" АҚ мәліметінше, серіктің қызмет ету мерзімі жоспарға сай аяқталып келеді. Борттағы жүйелер мен байланыс жабдықтарының техникалық жай-күйі, сондай-ақ қалған отын қоры серіктің бастапқыда белгіленген мерзімнен де ұзақ жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.

Әзірлеушінің оң қорытындысына сүйеніп, орталық KazSat-2 серігін пайдалану мерзімін 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартты. Қазір аппарат қалыпты жұмыс істеп тұр.

Орталықтың басқармасы 2026 жылғы 23 сәуірде серікті жұмыс орбитасынан шығару рәсімін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастау туралы шешім қабылдады. Яғни KazSat-2 техникалық ақауға байланысты емес, алдын ала бекітілген жоспарға сәйкес қолданыстан шығарылады.

KazSat-2 жер серігі орбитада қандай қызмет атқарды?

KazSat-2 – байланыс пен телерадио хабарларын таратуға арналған Қазақстанның геостационарлық жер серігі. Ол 2011 жылғы 16 шілдеде Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылып, сол жылдың 26 қарашасында пайдалануға берілді.

Серік шығыс бойлықтың 86,5 градусындағы орбиталық позицияға орналастырылды.

KazSat-2 15 жылдан астам уақыт бойы Қазақстан аумағында телеарналар мен радиостанциялардың хабарларын таратуға, тіркелген жерсеріктік байланыс қызметін көрсетуге және деректерді жеткізуге мүмкіндік берді.

Қарапайым тілмен айтқанда, KazSat-2 телерадио сигналдары мен деректерді жерсеріктік арналар арқылы жеткізетін байланыс инфрақұрылымының бір бөлігі болды. Аумағы кең Қазақстан үшін мұндай инфрақұрылымның маңызы зор. Өйткені кей өңірлерде жерүсті байланыс желілерін тарту экономикалық тұрғыдан тиімсіз.

KazSat-2 кәдімгі смартфондарды интернетке тікелей қосуға арналмаған. Серіктің міндеті – жерсеріктік байланыс пен хабар тарату арналарының жұмысын қамтамасыз ету.

KazSat-2 жер серігі неліктен Жерге құламайды?

Қызмет мерзімі аяқталған ғарыш аппараттары не болады? Пайдаланудан шыққан серіктерді жұмыс орбитасында қалдыру қауіпті. Олар басқа аппараттардың жұмысына кедергі келтіріп, ғарыш қоқысын көбейтуі мүмкін.

KazSat-2 үшін деорбитация рәсімі қарастырылған. Бұл – серікті қазіргі жұмыс орбитасынан шығару. KazSat-2 Жер бетінен шамамен 36 мың шақырым биіктікте, геостационарлық орбитада орналасқан. Мұндай биіктікте жұмыс істейтін серіктерді қызмет мерзімі аяқталған соң Жерге қайтармай, одан да жоғары орналасқан "көму орбитасына" көшіреді.

Ғарыш объектілерін кәдеге жаратудың ұлттық қағидалары мен БҰҰ ұсынымдарына сәйкес, KazSat-2 қазіргі геостационарлық орбитасынан кемінде 200 шақырым жоғары көтерілуге тиіс. Сол кезде серіктің орбитадағы орны босайды, ал KazSat-2 өзге серіктердің жұмысына кедергі келтірмейді.

Республикалық ғарыштық байланыс орталығының мәліметінше, серікті жаңа орбитаға көшіру жұмыстары 2027 жылғы қаңтар-ақпан айларына жоспарланған. Оны "Ақкөл" ғарыштық байланыс орталығындағы ғарыш аппараттарын басқаратын және байланыс жүйесіне мониторинг жүргізетін жерүсті кешенінің мамандары жүзеге асырады.

Серікті пайдаланудан біржола шығарар алдында пассивация рәсімі де жүргізіледі. Ол үшін мамандар бактардағы қалдық қысымды түсіреді, аккумуляторлардың зарядын тауысады және бақылаусыз энергия бөлінуіне себеп болуы мүмкін жүйелерді өшіреді.

Осылайша, KazSat-2 Жерге құламайды. Серік Жер бетіне қауіп төндірмей, жұмыс істеп тұрған ғарыш аппараттарына кедергі келтірмейтін арнайы орбитада қалады.

KazSat-2 серігінің орнын қай аппарат басады?

KazSat-2 серігін тікелей алмастыратын жаңа аппарат ұшыру жоспарланбаған. Оның қазір атқарып отырған міндеттері Қазақстанның тағы бір жер серігіне – KazSat-3-ке жүктеледі.

KazSat-3 серігі 2014 жылы ұшырылып, шығыс бойлықтың 58,5 градусындағы орбиталық орынға орналастырылды. Қазір аппарат қалыпты жұмыс істеп тұр. Ол Қазақстан аумағында теле-радио хабарларын таратуды және жерсеріктік байланысты қамтамасыз етеді.

KazSat-3 серігін де уақыты келгенде жаңа аппарат алмастырады.

Қазақстанда KazSat-3R атты жаңа геостационарлық жер серігін жасау жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оны 2029 жылы, яғни KazSat-3 серігінің белсенді қызмет мерзімі аяқталар тұста ұшыру жоспарланған.

Жаңа серік теле-радио хабарларын таратуға, тіркелген байланыс қызметін көрсетуге және деректерді жоғары жылдамдықпен жеткізуге арналған. Оның өткізу қабілеті KazSat-3 серігіне қарағанда жоғары, ал техникалық сипаттамалары заманауи болмақ.

Осылайша, Қазақстан өзінің жерсеріктік байланыс жүйесін сақтап, оның инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңартып жатыр.

Қазақстанның ғарыш саласындағы жаңа мүмкіндіктері

Ұлттық жерсеріктік жүйені дамыту – Қазақстанның ғарыш саласындағы бағыттардың бірі. Елімізде ғарыш аппараттарын басқаруға арналған инфрақұрылым мен жерүсті кешендері бар. Қазақстандық мамандар жер серіктерін пайдалануда тәжірибе жинақтаған.

Бұл салада Байқоңыр ғарыш айлағы маңызды рөл атқарады. Мұнда ондаған жылдан бері ғарыш аппараттары ұшырылып келеді. Қазақстан Жерді қашықтан зондтау және жерсеріктік технологиялар саласындағы өз жобаларын да дамытып жатыр.

Мәселен, Қазақстанның KazEOSat-1 және KazEOSat-2 серіктері Жер бетін ғарыштан түсіреді. Алынған суреттер ауыл шаруашылығы алқаптары мен табиғи ресурстардың жай-күйін бақылауға, төтенше жағдайлар кезіндегі ахуалды бағалауға және қоршаған ортадағы өзгерістерді қадағалауға мүмкіндік береді.

Бұл серіктердің атқаратын міндеті бөлек. KazSat серіктері сигналдар мен деректерді жеткізсе, KazEOSat аппараттары ел аумағының жай-күйі туралы ғарыштан мәлімет жинайды.

Тағы бір бағыт – жерсеріктік интернет нарығын дамыту және шетелдік операторларды тарту.

2026 жылғы 24 қарашада Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкіметте өткен брифингте Қазақстанның жерсеріктік инфрақұрылымын дамыту және нарыққа жаңа шетелдік операторлардың шығу мүмкіндігі туралы айтты.

Министрдің сөзінше, жерсеріктік желіні жерүсті желісімен байланыстыратын шлюздік станциялар мен операторлардың желіге қосылу тораптары ұлттық қауіпсіздік талаптары ескеріле отырып салынады.


"Жаңа операторлардың келуіне қатысты айтсақ, біз, керісінше, бәсекенің дамуын қолдаймыз", – деді Жаслан Мәдиев.

Қазір Қазақстанда OneWeb және Starlink халықаралық операторлары жұмыс істейді. Екі компанияның да елімізде жерүсті станциялары бар.

Мұндай компаниялардың нарыққа шығуы жерсеріктік интернетті көбірек адамға қолжетімді етеді. Бұл әсіресе шалғай елді мекендер мен дәстүрлі байланыс инфрақұрылымын салу қымбатқа түсетін өңірлер үшін маңызды.

Шетелдік операторлар мен ұлттық жерсеріктік байланыс жүйесі әртүрлі технологияларды қолданады. Сондықтан шетелдік операторлардың қызметі ұлттық жүйені алмастырмайды, бірақ оны толықтыра алады.

Алда не күтіп тұр?

Қазір "Республикалық ғарыштық байланыс орталығы" АҚ байланыс пен телерадио хабарларын таратуға арналған Қазақстанның екі жер серігін – KazSat-2 мен KazSat-3-ті басқарады. KazSat-2 өз жұмысын 2026 жылдың соңында аяқтайды, ал KazSat-3 2029 жылдың соңына дейін қызметін жалғастырады.

Келесі кезеңде KazSat-3R серігін ұшыру жоспарланған. Жаңа аппарат ұлттық жерсеріктік инфрақұрылымның одан әрі жұмыс істеуін қамтамасыз етуге тиіс.

Қазақстанның ғарыш бағдарламасы жалғасады. KazSat-2 серігінің қызметін аяқтауы – ұлттық жерсеріктік жүйені жаңартудың кезекті кезеңі. 15 жылдан астам уақыт бойы қызмет еткен аппарат өз міндетін орындады. Енді оны көму орбитасына қауіпсіз көшіру қажет. Осылайша, серіктің қазіргі орбитадағы орны босап, оны алдағы уақытта қайта пайдалануға мүмкіндік туады.

Қазақстан
Шымкент
Алматы
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Димаш Құдайбергеннің Чилидегі алғашқы жеке концерті аншлагпен өтті

Тоқаев мемлекеттік басқаруды реформалау мәселелері жөніндегі комиссияның құрамын бекітті

Алматыда қар жауып, күн суытады, Астана мен Шымкентте жаңбыр жауады: үш күнге арналған ауа райы болжамы

Алматыда бес адамның өмірін қиған өртке байланысты қылмыстық іс қозғалды

Қазақстанға циклон жақындап келеді: 26 қарашада қар, жаңбыр жауып, жел күшейеді