Тоқаев AI Journey 2026 халықаралық жасанды интеллект конференциясында не айтты

Сурет: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AI Journey 2026 халықаралық жасанды интеллект конференциясында сөз сөйледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласындағы деңгейі аса жоғары мамандардың басын қосқан форумға шақырғаны үшін Президент Владимир Путинге алғыс айтып, Ресейдің ғылым мен технологиядағы жетістіктеріне оң баға берді.

– Ресей ежелден данышпан ғалымдарымен, әсіресе, инженерия саласындағы өнертапқыштарымен танымал. Дәл осы жерде Михаил Ломоносов, Дмитрий Менделеев, Иван Кулибин, Николай Лобачевский, Андрей Колмогоров, Александр Попов, Сергей Королев, Константин Циолковский, Игорь Курчатов, Петр Капица және басқа да көптеген ақыл-ой алыптарының есімдерін атау орынды болар еді. Олардың бәрін бірдей атап-түстеуге қағаз да, уақыт та жетпейді. Академик Сергей Лебедевтің жетекшілігімен әлемдегі ең алғашқы электрондық есептеуіш машиналарының бірі жасалды. Бұл жаңа тұрпатты технологиялық жүйенің қалыптасуындағы маңызды кезең болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті атап өткендей, осы игі дәстүр қазіргі Ресейде де лайықты жалғасын тапты.

– Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының мәліметіне сәйкес, Ресей бірегей конструкциялар мен модельдер өндірісіне берілген өтінімдер бойынша әлемде екінші орын алады. Оның адамзат дамуындағы маңызына бір сөзбен баға беру қиын. Ресейдің жетекші технологиялық компанияларының, соның ішінде "Сбер" мен "Яндекстің" заманауи әзірлемелері жоғары технологияның дамуына қызығатын, ақ-қараны ажырата білетін кез келген адамды таңғалдырмай қоймайды. "Яндекс" те, "Сбер" де біздің нарықта кеңінен танымал. "Яндекс" шын мәнінде Қазақстандағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі саналады. "Курчатов институты", "Сколково", "Иннополис", "Технополис" және басқа да маңдайалды мекемелер Ресей мемлекетінің инновациялық инфрақұрылымы қаншалықты ауқымды екенін анық көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу тақырыбы өзіне ерекше жақын екенін, өйткені реформа бағдарламасының басым бағыты ретінде жарияланғанын айтты.

– Биыл 1 шілдеде заңды күшіне енген жаңа Конституциямызда ғылым мен инновацияны дамыту стратегиялық бағыт, ал білім мен прогресс мемлекеттің басты құндылықтары ретінде бекітілді. Дәл осы себепті аталған форум еліміз үшін өзекті. Мұны Қазақстан делегациясының құрамынан да аңғаруға болады. Олардың қатарында ресейлік серіктестермен ықпалдастықты кеңейтуге мүдделі салалық мемлекеттік органдардың басшылары, ірі бизнес пен IT қоғамдастық өкілдері бар. Қазақстан мен Ресейді ғасырлардан тамыр тартатын достық, ортақ тарих, берік экономикалық және жан-жақты гуманитарлық қатынастар байланыстырады. Озық технология саласындағы ынтымақтастық Қазақстан-Ресей стратегиялық серіктестігінің басты бағыттарының бірі болатынына сенімдімін, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, әлем жаңа ғылыми-техникалық революцияның табалдырығында тұр. Оның әсерінен жаһандық экономика, адамдардың дүниетанымы және тұтас мемлекеттер түбегейлі өзгеріске ұшырайтыны анық.

– Жасанды интеллект қазірдің өзінде жекелеген өндірістік және ойлау үдерісін немесе қазір айтылып жүргендей, когнитивтік процестерді автоматтандырумен шектелмей, технологиялық инфрақұрылымның ажырамас бөлігіне айналды. Биыл дүние жүзінде жасанды интеллектіге жұмсалған қаржы шамамен 2,7 триллион долларды құрауы мүмкін. Оның ішінде 1,5 триллионнан астамы цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Стэнфорд университетінің зерттеуі бойынша сауалнамаға қатысқан ұйымдардың 88 пайызы өздерінің күнделікті қызметінде жасанды интеллектіні пайдаланатынын мәлімдеген. Екі жыл бұрын аталған көрсеткіш небәрі 55 пайыз еді. Ірі шетелдік технологиялық компаниялардың, соның ішінде ресейлік компаниялардың басшыларымен жиі кездесіп, пікір алмасамын. Жақында NVIDIA жетекшісі Дженсен Хуангпен жүздестім. Сондағы көзімнің жеткені – болып жатқан өзгерістер ұзақмерзімді әрі ол енді тоқтамайды,– деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев технологиялық трансформация геосаяси шиеленіс күшейген, мемлекеттер арасындағы сенімге селкеу түскен кезеңде жүріп жатқанына назар аударды.

– Әлемнің мүлдем жаңа геотехнологиялық картасы пайда болды деуге болады. Озық шешімдерге, есептеу қуатына, білікті кадрларға қол жеткізу мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігіне және қауіпсіздігіне ықпал ететін факторға айналды. Халықаралық ғылыми байланыстарды шектеу, аса маңызды технологияларды аталған үдеріске қатысушы ат төбеліндей топтың қолында шоғырландыру түбі жаһандағы технологиялық теңсіздіктің ушығуына алып келеді. Елдердің арасында тағы бір жіктің қалыптасуына жол беруге болмайды. Керісінше, өзара тиімді халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастыққа тиісті жағдай жасау қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстанды барынша қысқа мерзім ішінде толық цифрланған мемлекетке айналдыруды стратегиялық мақсат ретінде белгілегенін мәлімдеді.

– Біз осы жылды "Цифрландыру және жасанды интеллект жылы" деп жарияладық. Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы бекітіліп, "Жасанды интеллект туралы" заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Осылайша, цифрлық экономиканы қарқынды дамытуға қажетті құқықтық және институционалдық негіз қаланды. Ең бастысы, аталған ауқымды жұмысты қоғам қолдап отыр, себебі азаматтарымыз және бизнес игілігін көруде. Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді, eGov Mobile қосымшасына халқымыздың үштен екісі, яғни, 13 миллион қолданушы тіркелген. Бір апта бұрын жарияланған БҰҰ зерттеуіне сүйенсек, Қазақстан әлемдегі электрондық үкіметтің даму рейтингінде екі жыл ішінде 8 позицияға көтеріліп, 16-орынға табан тіреді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Президент Қазақстанда электронды қаржы қызметтері дамығанына тоқталды.

– Елімізде технологиялық кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасалған. Былтыр отандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Стартаптар мен технологиялық компанияларға қолдау көрсететін Astana Hub технопаркі табысты жұмыс істеп тұр. 2019 жылдан бері Astana Hub орталығына тіркелуші компаниялардың жиынтық кірісі 7 миллиард долларға жуықтады. Қазіргі кезде Astana Hub аясында 2700 стартап пен компания қызмет көрсетеді. Алғашқы "сыңармүйіз стартап" та пайда болды. Қазір оның соңынан басқа да компаниялар ілесіп келеді. Higgsfield деп аталатын стартаптың құны бір жылда 10 миллиард долларға шарықтады, компанияның капитализация деңгейі ұдайы өсіп келеді. Оның негізін қазақтың екі талантты жігіті қалаған. Мен "халықтық цифрлық экономика" құру міндетін қойдым. Интернет заңды кәсіппен айналысып, пайда тапқысы келетін адамдарға қызмет етуге тиіс. Басқаша айтқанда, интернет – "қоқыс жәшігі" емес, жасампаз шығармашылық пен өнімді еңбектің кеңістігі болуы керек. Азаматтарды цифрлық құралдар арқылы жұмыспен қамту үшін нақты шаралар қабылданып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті келешек цифрлық экономикаға маман даярлау ісіне айрықша мән беріліп отырғанын жеткізді. AI-Sana бағдарламасы аясында 100 мыңнан аса студент жасанды интеллектіні қолданудың практикалық дағдыларын меңгеруде.

– Инфрақұрылым мен мамандардың сақадай-сай болуы технологиялық серпіліске кепіл емес екенін біз жақсы түсінеміз. Төл әзірлемелер болуы қажет. Ең бастысы, оны экономиканың кәдесіне жаратқан жөн. Дәл осы себепті жақында Астанада өткен Digital Bridge форумында AI Challenge бастамасын ұсындым. Оның мақсаты – кәсіпорындар мен бағдарлама әзірлеушілерді нақты өндірістік міндеттерді шешуге жұмылдыру. Ресеймен арадағы серіктестігімізде де осындай тәсілге қажеттілік туындайды деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикадағы ахуал туралы сөз қозғады. Оның пікірінше, жасанды интеллектіні қарқынды енгізудің нәтижесінде есептеу қуатына сұраныс көбейеді, ал бұл энергия жүйелерінің жүктемесін арттырады.

– Халықаралық энергетика агенттігінің болжамы бойынша 2030 жылға қарай әлемдегі деректерді өңдеу орталықтары 950 миллиард киловатт-сағатқа дейін электр қуатын тұтынуы мүмкін. Бұл – 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда екі есе жоғары. Мұндай жағдайда энергетикалық ресурстардың қолжетімділігі, электр желілерінің сенімділігі және оны тиімді қолдану технологиялық бәсекеге қабілетті болудың негізгі алғышарты саналады. Сондықтан Қазақстан бірнеше атом электр станциясын салу туралы стратегиялық шешім қабылдады. Ресеймен серіктестік негізінде салынатын алғашқы "Балқаш" станциясының құрылысында "Росатом" корпорациясы жетекші рөл атқарады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пайымдауынша, көлік-логистика саласындағы бірлескен жұмыс та стратегиялық мәнге ие.

– Омбыда өткен Өңіраралық ынтымақтастық форумында жүк тасымалын жетілдіруге, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын басқаруға арналған қазақстандық Smart Cargo және AI Jol жобалары таныстырылды. Қазан айында елдеріміз арасында электронды жүкқұжатты пайдалану арқылы автокөлікпен жүк тасымалдау пилоттық режимде сәтті ұйымдастырылды. Басқаша айтқанда, көлік байланыстарын одан әрі цифрландырудың барынша берік негізі қаланды. Енді ұлттық ақпараттық жүйелерді өзара үйлестіріп, осындай инновациялық шешімдерді іс жүзінде қолданған жөн. Бұл – оңай міндет емес, бірақ екі жақ шын ниетпен кіріссе, шешілетін мәселе. Келешекте Қазақстан мен Ресей арасында толыққанды цифрлық көлік дәлізін қалыптастыруға болар еді. Бүгін көрмеде екі елдің жүк тасымалы саласындағы ықпалдастығы алдағы уақытта қалай өрбитіні таныстырылды. Келешегінен көп үміт күтеміз. Табиғаттың өзі сыйға тартқан артықшылығымызды ескерсек, көлік-логистика саласын дамытуда ерен жетістіктерге жете аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ғылым мен жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың қарқынына оң баға берді.

– Қазіргі таңда елімізде ресейлік университеттердің тоғыз филиалы бар. Ресей Президентімен өзара уағдаластығымызға сай ашылып жатқан "Қазақстан – Сириус" мектебінің алар орны ерекше. Бұл жоба білім саласындағы ықпалдастығымыздың келешегіне қызмет етеді. Аталған мектеп талантты балаларды анықтап, олардың қарым-қабілетін шыңдауда ресейлік тәжірибеге сүйенеді. Мамыр айында Астанада білім беру кешенінің құрылысы басталды. Дәл сондай жоба Алматыда да жүзеге асырылуда, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев интеллектуалдық жүйелердің білім саласына әсерін қаперге алу қажет деп санайды.

– Заманауи технологиялар санаулы секундтарда дайын жауап алуға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – балаларды өз бетінше ойлануға, ақпаратты сыни тұрғыдан сараптауға, байыпты шешім қабылдауға үйрету. Бұл да оңай міндет емес. Өйткені жастардың өзі бізді, аға буынды қазіргі заманға сай пайдалы нәрсеге үйрете алады. Бірақ біздің өмірлік тәжірибеміз көбірек және жастарға қауіпсіз, өркениетті әлемді, оларға болашақта қажет болатын білімді аманат етіп қалдырғымыз келеді. AI Journey Junior білім беру бағыты аясында оқушылар мен педагогтерге жасанды интеллектіні және жаңа технологияларды жауапкершілікпен қолданудың пайдасын түсіндіретін бірлескен жобаны әзірлеуге болады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент озық технологиялардың артықшылықтарымен қоса қауіп-қатері де жеткілікті екенін алға тартты.

– Өкінішке қарай, жасанды интеллектіні цифрлық алаяқтық, жалған ақпарат тарату, жеке деректерді заңсыз қолдану, азаматтық инфрақұрылымға шабуыл жасау үшін пайдалануда. 6 қараша күні Иордания Королі II Абдалланың бастамасымен Астанада Ақаба процесінің саммиті өтті. Жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік мәселесі талқыланды. Пікірталастың нәтижесі жаңа технологияны қаскөй әрекеттерге пайдалануға қарсы бірге күресу қажеттігін тағы да растады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті өзі көтерген ұсыныстар, сайып келгенде, мемлекеттер арасындағы сенім капиталын жоғары технологиялар саласындағы жемісті ынтымақтастық барысында жаңа табыстармен толықтыруды көздейтінін айтты.

– Бірлескен бастамалар халқымызға, компаниялар мен кәсіпорындарға пайдалы нәтижеге ұласуға тиіс. Біз өзара құрмет пен қолдауға арқа сүйеп, аталған міндетті лайықты деңгейде жүзеге асыратынымызға сенімдімін. Сөз соңында айтарым, Қазақстан Ресеймен арадағы стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастарды жоғары бағалайды. Кеше мен Қытайда өткен саммиттің қорытындысына және ұлы мемлекеттердің "Үлкен үштігінің" декларациясы қабылдануына байланысты Ресей Президентіне шынайы лебізімді жеткіздім. Геосаяси жағдай күрделі кезеңде Ресейдің осындай статусқа ие мемлекет ретінде мойындалуы – оның көшбасшысы Владимир Владимирович Путиннің еңбегінің нәтижесі. Бұл – айдан анық нәрсе. Оны жоққа шығарамын деп әуре болудың қажеті шамалы, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар пленарлық сессия барысында Ресей Президенті Владимир Путин және "Сбербанк" ЖАҚ басқарма төрағасы Герман Греф сөз сөйледі.

Молния

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша алдағы бес күнге арналған ауа райы болжамы

Алматыда алғашқы қар жауып, күн -4°C-қа дейін суытады

5 қарашадағы Астана мен Алматыдағы айырбастау пункттеріндегі валюта бағамы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы – онлайн-трансляция

Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерін көтермелеу қағидаларына өзгеріс енгізбек