Салтанатты жиынға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, театр ұжымын жаңа ғимаратқа қоныстануымен құттықтады. Ол шығармашылық ұжымның алдағы уақытта көрерменге жақсы қойылымдар ұсынып, өңір мәдениетінің дамуына үлес қосатынына сенім білдірді.
"17" жастар театры 2018 жылы қалалық Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры жанынан студия ретінде құрылып, 2019 жылы жеке театр болып жұмысын бастаған. Содан бері ұжымның тұрақты ғимараты болмаған. Жаңа нысанның құрылысы үш жылға созылып, енді театр өз жұмысын осы жерде жалғастырмақ.
Сурет: Шымкент әкімдігі
Театр директоры әрі көркемдік жетекшісі Рүстем Әуелбековтің айтуынша, заманауи талаптарға сай жабдықталған ғимарат 80 көрерменге арналған. Камерлік форматта жұмыс істейтін театрда 20 адамнан құралған шығармашылық топ жұмыс істейді.
Сурет: Шымкент әкімдігі
Театр жетекшісі жаңа ғимарат шығармашылық жоспарларды жүзеге асыруға мол мүмкіндік беретінін айтты. Биыл ұжым бірнеше өңірде гастрольдік сапарда болып, республикалық байқауларға да қатысқан. Сонымен қатар өнер иелерімен бірлескен спектакль-концерттер ұйымдастырған.
– Заманауи үлгіде салынған ғимаратта енді жаңа жобалар жасап, тың қойылымдар ұсынуға жағдай бар. Алдағы жоспарымыз – түрлі шығармашылық эксперименттер жасап, көрерменді жаңа қойылымдармен қуантамыз, – деді театр жетекшісі.
Сурет: Шымкент әкімдігі
Ашылу салтанатынан кейін шығармашылық ұжым жаңа сахнадағы алғашқы "Мені күт" спектаклінің премьерасын ұсынды. Режиссері – Шағуан Үмбетқалқиев. Қойылымда ерлі-зайыптылардың арасындағы сезім, түсініспеушілік пен ажырасуға алып келетін жағдайлар көрініс тапты.
Сурет: Шымкент әкімдігі
Жиын соңында театр ұжымына қала әкімінің ықылас гүлі табысталды. Енді шығармашылық ұжым жаңа ғимаратта жұмысын жалғастырып, көрерменге түрлі жанрдағы қойылымдар ұсынбақ.