"Қатыным" деп өлең айтып кеткен этноәнші өзіне тағылған сынға жауап берді

Әнші бұл өлеңге клип түсіру үшін астындағы Камри қырықты сатып, тәуекелге бас тіккенін айтады.

"Алаш ұлы" этнотобынан бөлініп шыққан Әзімбек Байлин таяуда "Қатыным" деген әнімен жарқ етіп, көрермендердің назарын өзіне бұрды. Бұл үшін оны жерден алып, жерге салған "Уақыт көрсетеді" бағдарламасының тілшісі, одан жауап алуға тырысты, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Білесіз бе, мен ол өлеңге клип түсіру үшін, тәуекелге бас тігіп, астымдағы көлігімді саттым. Камри қырықты 3 млн 800 мың теңгеге саттым. Соның бәрін клипке салдым. Достарыма айтып едім, ұрысты. "Ертең Әзімбек Байлин такси ұстап жүр" деген сөзге қаласың деді ғой. Бірақ қарамадым. Шүкір, ол үшін өкінгенім жоқ. Біздегілер қатын деген сөзді жаман мағынада ұғады ғой. Бірақ ол сөздің нақты мағынасы - құрметті, қастерлі. Соны жеткізгім келді. Құдайға шүкір, 5 күннің ішінде 500 мың қаралым жинады. Ол өз-өзін ақтады деп айта аламын. Оған еш өкінбеймін", - дейді әнші.

Ал өлеңнің мәтіні қарабайыр деген журналисттің сынына ол былай жауап берді:

Ақылын айтып хандарға,

Үлгілі болған бар жанға

Еліне сыйлы әйелді,

Теңепті биік заңғарға.

Атаған екен қатын деп,

Күйеуі, кемпір-шалдар да.

Ел аналары қуанған

Бұл сөзді естіп қалғанда.

Бұзылмай жеткен бүгінге

Бабадан қалған заң барда

Қатыным деймін құрметтеп,

Бойымда қазақ қан барда.

Қалай, бұл мәтінді қарабайыр дейсіз?.. Негізі, мен дизлайктар көп болатын шығар деп ойлағам. Жоқ, керісінше бұл ән көпке ұнады, соған қуанамын өзім, - дейді әнші.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: