Қазақ тіліндегі үздік сайттар анықталды

"Өткір тіл" аталымы бойынша qalamger.kz сайты жеңімпаз атанды.

"Үздік қазақтілді интернет-сайт сыйлығы" байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды zakon.kz ҚР Тұңғыш Президент қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласында өткен марапаттау рәсіміне ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұлан, ҚР Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев, сонымен қатар қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Ең үздік қазақтілді интернет сайт байқауы 2016 жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биыл республиканың әр аймағынан 30-ға жуық үміткер үздік сайт атағы үшін бақ сынасты. Жеңімпаздар 9 номинация бойынша анықталды.

"Осы байқауды ұйымдастыра отырып, біз мемлекеттік тілдің дамуын, оның ішінде интернеттегі дамуын қолдаймыз және қазақ тілді сайттардың қызметін ынталандырамыз. Байқауға деген қызығушылық жылдан-жылға артып келе жатқанына қуаныштымын", - деп атап өтті марапаттау рәсімінің ашылуында Әлкей Марғұланұлы.

"Өткір тіл" аталымы бойынша qalamger.kz сайты жеңімпаз атанды.

"Рухани азық" аталымындағы ең үздік сайт марапатына madeniportal.kz сайты ие болды.

dasturkb.kz сайты "Терең ізденіс" аталымы бойынша үздік деп танылды.

Arasha.kz сайты "Шынайы өмір" аталымында үздік деп бағаланды.

"Спорт тынысы" аталымы бойынша ең үздік сайт - qsport.kz.

"Білім бұлағы" аталымы бойынша жүлде ozattar.kz сайтына берілді.

"Жастар әлемі" аталымы бойынша balbal-kz сайты жеңімпаз атанды.

"Балаларға базарлық" аталымындағы ең үздік балаларға арналған сайт марапаты imektep.kz порталына берілді.

"Ойын-сауық" аталымы бойынша жүлде kinostan.kz сайтына берілді.

Байқау жеңімпаздары ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Қорының дипломымен, 385 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталды. Тұңғыш Президенті Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұлан электронды ақпараттық кеңістіктегі мемлекеттік тілдің дамуына өз үлестерін қосып, аудиторияны қазақ тілінде ақпараттандыратын отандық сайттардың рөлін ерекше атап өтті.

Еске сала кетейік, бұған дейін өткізілген үш байқаудың қорытындысы бойынша республиканың 25 қазақтілді сайты жеңімпаз атанып, ақшалай сыйлыққа ие болған.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: