Атырауда дау болған Абай ескерткіші ашылды

Ескерткіш облыс бюджетіне 145 млн 1 теңге 66 тиынға түсті, деп хабарлайды Zakon.kz

Ескерткіштің құрылысына жауапты әкім орынбасары мен мәдениет басқармасының басшысы қазір тергеліп жатыр.

«Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Атырауда адамзаттың ақыл-ойының алыбы Абай Құнанбайұлының еңселі ескерткіші ашылды», – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ескерткіштің салтанатты ашылуына Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысты.

Тұғырымен қоса есептегенде жалпы биіктігі 11 метр болатын ұлы ойшылдың мүсіні Атырау қаласындағы Абай орталығының дәл алдына орнатылды. Ескерткіштің 5 метрі қоладан, қалғаны гранит тастан жасалған. Оның ашылуы бұдан бұрын жоспарланғанымен, пандемияға байланысты кешіктірілген болатын.

Абай Құнанбайұлының ескерткішін орнату бойынша Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Балқыту» ЖШС-мен жалпы соммасы 145 млн 1 теңге 66 тиын болатын келісімшарт жасады, делінген әкімдіктің хабарламасында.

Атыраудағы Абай ескерткіші сыбайлас жемқорлық туралы қылмыстық істе аталады. 10 желтоқсанда Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы 4,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді. 12 желтоқсанда тергеу соты Хаменоваға үй қамақ түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді . Алайда 21 желтоқсанда ол ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Онда оның сот процесі аяқталғанша болатыны айтылады. Сот алқасы Хаменованың процеске қатысушыларға қысым көрсетуі мүмкін екенін ескерген.

Атырау
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: