Археологтар Талдықорғаннан бірегей көне жәдігерлер тапты

Археологтар Талдықорған қаласы әуежайы маңынан ерекше жәдігерлер тапты. Бұл жөнінде 2023 жылғы 23 қазан күні Zakon.kz сайтына ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Ведомство таратқан хабарламада Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археологиялық экспедициясы Талдықорған қаласы әуежайы маңындағы Дауылбай қорымында қазба жұмыстарын жүргізіп, ерте темір дәуіріне жататын қорғаннан ерекше құнды бұйымдар тапқаны жазылған.

Далалық зерттеулер барысында қорғанның бірнеше рет тоналғаны, соңғы рет өткен жылы ғана тоналып кеткені анықталды. Осыған байланысты Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығы археологтардың күшімен аталған тарихи ескерткішті зерттеуді жөн деп тапты.

Мамандардың пікірінше, қорған элиталық болып саналады.

"Оның биіктігі – 3,4 м, диаметрі – 40 м. Айналасы ормен қоршалған. Тонаушылар батыс жағынан қазып, біртіндеп орталық бөлігіне қарай өткен. Далалық зерттеулер тонаушылар ашып кеткен ұңғыма-шұңқыр орнындағы қорғанның орталық бөлігінде жүргізілді". ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

Сурет: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Бастапқыда қазба 5х5 м көлемде болды және ескерткіш конструкциясына орай кеңейтілді.

"Қазба барысында тас сауыт және өзге де конструкциялар, сондай-ақ тонаушылардан қалған шашылып жатқан ірі тастар, тастақтайшалар анықталды".ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі

Мамандардың сөзінше, қазылған қорғанды бұдан екі мың жылдай бұрын Жетісуды мекендеген юечжи немесе үйсін мәдениеттерімен байланыстыруға болады. Бұдан ары қарай археологтар зертханалық жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр. Барлық бұйымдарға арнайы зерттеу жүргізіліп, ғылыми талдаулар жасалады. Кейбір олжалар "Остров Крым" ғылыми-реставрациялық лабораториясында қалпына келтіріледі.

Талдықорған
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: