Гастрольдік бағдарламаға әлемдік және ұлттық классиканың жауhарларына айналған Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің "Абай" операсы мен хореография өнерінің жарқын туындысы Адольф Аданның "Жизель" балеті кірді.
"Абай" қойылымының өзіне тән бірегей тарихы бар. 1944 жылғы 24 желтоқсанда алғаш рет қойылған опера қазақ халқы үшін Қазақстан мәдениетінің шежіресінде жаңа парақшасын ашты.
Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған "Абай" операсы – шындық пен өтіріктің, әділет пен опасыздықтың, мейірімділік пен қызғаныштың, адалдық пен сатқындықтың, сезім мен парыздың арпалысуы, Қазақстанның опера өнерінің ең үздік жетістіктерінің бірі.
Италиялық режиссер Андреа Чиньи қайта жаңғыртқан "Абай" операсында бас партияларды театрдың жетекші солистері Талғат Күзембаев (Абай), Төлеген Рахметов (Әзім), Ажар Қуаншәлиева (Ажар), Дархан Жолдыбаев (Айдар), Қайрат Өмірбеков (Сырттан), Төлеген Рахымбаев (Көкбай) және Дина Хамзина (Қарлығаш) сомдады.
Адольф Аданның "Жизель" балеті – ең көп сахналатын балеттің бірі, романтизм дәуіріндегі балет шығармашылығының шыңы, екі ғасырға жуық театрлардың репертуарын байыта түсетін әлемдік хореографияның інжу-маржаны.
"Жизель" балетінің сахналануына Генрих Гейне қағазға түсірген көне вилисалар туралы аңыз-әңгіме арқау болды.
Сурет: Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының баспасөз қызметі
Бұл балет Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында алғаш рет 1943 жылы 27 шілдеде КСРО халық әртісі Галина Уланованың қойылымында көрсетілген еді. Жизельдің партиясын да өзі сомдаған. Кейінірек, 1978 жылы Қазақстандағы балет мектебінің негізін қалаушы Александр Селезнев, ҚазКСР Халық әртісі және кеңесші - балетмейстер, КСРО Халық әртісі Наталья Дудинская, суретші ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Анатолий Ненашев 45 жыл бойы театрдың сахнасынан түспей келген балетті екінші рет редакциялады.
Театр 2023 жылғы 20 және 21 мамырда балеттің үшінші қойылымын ұсынды. Оны РСФСР еңбек сіңірген әртісі Юрий Васюченко, Ресейдің халық суретшісі Вячеслав Окунев қойды.