Жазушы-журналист, сазгер, сатирик ретінде танылған Әкім Ысқақ шығармашылығына - 50 жыл. Оның балаларға арналған "Қошақандар" өлеңі 1974 жылы жарияланды. Сол жылдардан бастап ол адам іздеп жүріп "Жүректегі жазуларын" оқырманға жеткізді, деп хабарлайды 24kz.
"Адам іздеп жүрген себебім, кішкентай кезімізде атам жарықтық өмірден өткен кезде мынадай өсиет қалдырыпты. "Жақсылықтан күдер үзбеңдер, жамандықты іздемеңдер. Іздесеңдер көкірегі ояу адам іздеңдер" деп. Шынында мен өмір бақи адам іздеп жүрмін. Кітабымның аты да "Адам іздеп жүрмін". Жазушы Әкім Ысқақ
30-ға жуық кітаптың авторы Әкім Ысқақтың туындылары баспа бетінен жиі жарық көрді. "Ерте есейген қыз", "Темір табыт", "Асқаровтың кадры" сынды өткір материалдары оқырманның әлі күнге есінде. Оның "Көңіл қымбат", "Алтыным" кітаптары қолдан қолға көшіп жүр.
Жазушы жазған "Халықтың көші-қоны туралы" заңы уақытында жоғары бағасын алды. Депутат болған кезінде Ауғанстан мен Пәкістаннан 700 қазақтың Қазақстанға келуіне жәрдемдесті. Мұны замандастары да растайды.
"Бір жылдың көлемінде Әкім осы заңды алып шықты. Қаншама азаматтар өзіміздің елімізге оралды. Бұл заң өміршең заң болды. Шығармашылығына жарты ғасыр толған Әкім Ысқақтың атқарған ісі көп. Оны қолдағанда кісі көп".Мұхамбет Көпеев, мемлекет және қоғам қайраткері