Қайраттың анасы: Қимас дүниесі мен ақшасына дейін бөлісіп, жақын тұтып жүрген досы еді...

Астанада 5 шілдеде сот шешімімен танымал әнші Қайрат Нұртас қамауға алынып, 15 тәулікке темір торға тоғытылғаны белгілі. Оны сотқа берген досы болып шықты. Бұл ақпаратты әншінің анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбекова растады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Гүлзира Айдарбекова "әншінің анасы қандай күйде" дегендер үшін Instagram-дағы парақшасында жазба арнады.

"Түске дейін "анасы қандай күйде" деп мазалауға ыңғайсыздық танытып, сіздердің де жүректеріңіз тыным бермей, түс ауа қоңыраулар мен смстер еш тоқтаған жоқ. Ия, журналистерге де хайп табылып, бірі "сауап болды" деп күлкіге қарық болып, жандары рахаттанып ойларына келгенін жазса, 90 пайыз халық жанашырлықпен жүректері жылап жатты. Алғашында "түннен аман шығам ба, жоқ па" дедім рас, құр сүлдем қалғандай, жанарым бір нүктеге қадалып, ұзақ отырдым, ішім өртенді, күйдім-жандым, рас. Жолдасымның, бала-шаға, ағайын, достарымның уайымы ұлымнан бұрын мен болғанымды да сезіндім. Болмаған соң Нүрекең телефон соғып ұрыса бастады: "Елдің балаларында оданда ауыр сынақ болып жатқандары бар, ер азамат болған соң басынан бәрі өтеді, еңсеңді көтер, сен мықты болуың керек" деп. Қазір бәрін ойлап, ойым жан-жаққа шашыраңқы болып тұрғаны рас. Сонда да болса, ұлымның сот процесі басталысымен көмекшісіне қарап, "мамам жыламасыншы" деп ымдап түсіндіріп жатқанын көріп, көзімнің жасына ерік бердім, бірақ ұлыма көрсетпедім", делінген жазбада.

Оның айтуынша, сотқа берген адам әншінің жақын досы.

"Жанына жақын ұстап, үстіндегі киімдеріне дейін шешіп беріп, қимас дүниесі мен ақшасына дейін бөлісіп, бауырым деп жақын тұтып жүрген досы, бір сәтте жауына айналады деп кім ойлаған. "Менің де көргенім көп балам, бәріне ақ жүрегіңмен сенім артып, жаныңа жинап, үйге алып келе бермеші" деп айтқан кездерім де жоқ емес, оның үстіне көп нәрсенің құрбаны болуға ел алдында жүргенінің де әсері тиерін ана жүрегім сезбейді емес. Ұлыма бар тілерім: сағы сынбай, жүзінде мұң болмай, Алла амандық пен сабыр берсін! Ал сіздерге тілерім: ешбір ананы құдай баласымен сынамасын", деп сөзін түйіндепті ол.

Айта кетсек, 5 шілдеде алдымен әлеуметтік желіде танымал әнші Қайрат Нұртастың ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды. Кейін сотқа жүгінуші, жәбірленуші - әншінің бұрынғы досы Асылбек Бекқайыров екені белгілі болды. Танымал әншіге екі бап бойынша айып тағылған: 1) ҚР Әкімшілік кодексінің 73-бабының 1-тарауы, 1-бөлігі бойынша, қасақана жеңіл дене жарақатын келтіргені үшін; 2) ҚР Әкімшілік кодексінің 434-бап, 2-бөлігі бойынша, ұшақ бортында ұсақ бұзақылық жасағаны үшін. Тағылған екінші айып бойынша танымал әнші сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынды. Ал бірінші хаттама бойынша екі тарап бітімгершілікке келген. "Екі жақтың татуласуына байланысты ҚР Әкімшілік кодексінің 73 бапбының 1 тарау 1 бөлігі бойынша қозғалған іс тоқтатылды", - деді судья. Көп ұзамай Қайрат Нұртаспен жанжалдасқан жолаушы да 10 тәулікке қамалғаны белгілі болды. Сот отырысында Асылбек Бекқайыров өз кінәсін мойындамаған.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: