"Сайтанның ойыны", "Айкөркем": "Айбоз" ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздары марапатталды

Алматыда "Айбоз" ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған байқау биыл үшінші рет өткізілді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Лауреаттарды құттықтаған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақ әдебиетінің дамуына қосқан үлестері үшін жазушыларға ризашылығын білдірді.

"Айбоз" әдеби сыйлығы – сөз өнерінің майталмандарын дәріптейтін, олардың шығармашылығын елге танытатын ерекше сыйлық", – деді министр.

Сондай-ақ, ол мемлекет тарапынан руханият саласына ерекше мән беріліп, ұдайы қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.

"Жыл сайын Жазушылар одағы Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп алматылық 400 қаламгерге, Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп астаналық 80 қаламгерге қала әкімдерінің гранттары табысталуда. Министрлік кітап саласында да жүйелі жұмысты жалғастырып келеді. Мәселен, биыл қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу бағдарламасына бойынша 52 авторға қаламақы төленді. Жаңа кітаптар алдағы жылы көпшілік оқырманға жол тартады. Ал қайта басып шығару бағдарламасы бойынша 2023 жыл 134 кітап жарық көрсе, биыл жыл соңына дейін 189 жаңа кітап ел кітапханаларына таратылмақ", – деді Аида Балаева.

Сонымен 2024 жылы "Айбоз" сыйлығына 7 номинация бойынша 176 шығарма авторлары өтінім берді: "Үздік проза" – 57, "Үздік поэзия" – 37, "Үздік драматургия" – 16, "Үздік әдеби сын" – 13, "Үздік әдеби аударма" – 14, "Үздік балалар әдебиеті" – 31 және "Үздік комикс" – 8 өтінім.

  1. Жасырын дауыс беру нәтижесі бойынша, тәуелсіз қазылар алқасының шешімімен "Махамбеттің өлім жазасы" романының авторы Бекет Қарашин "Үздік проза" номинациясының жеңімпазы атанды,
  2. "Үздік поэзия" номинациясында – "Айкөркем" балладасының авторы Маралтай Райымбекұлы жеңімпаз болды.
  3. "Үздік драматургия" номинациясында ең көп дауыс Думан Рамазанның "Әзірет Сұлтан" пьесасына берілді.
  4. "Үздік әдеби аударма" номинациясы бойынша Рауза Мұсабаева "Таң жұлдызы" жұмысымен жеңімпаз атанды.
  5. "Үздік балалар әдебиеті" номинациясында Төкен Әлжантегінің "Қызықтың бәрі ауылда" шығармасы үздік деп танылды.
  6. Ал "Үздік әдеби сын" номинациясында Жүсіпбек Қорғасбектің "Сайтанның ойыны" еңбегі марапатқа ие болды.
  7. "Үздік комикс" авторы болып Жақсылық Сабитов "Жошы хан" жұмысымен танылды.


Ұлттық әдеби сыйлықтың жалпы жүлде қоры 35 миллион теңгені құрады.

"Айбоз" – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі құрған ұлттық әдеби сыйлық, ол отандық жазушыларды қолдау және ынталандыру мақсатында беріледі.

Zakon.kz редакциясы жүлде иегерлерін шын жүректен құттықтап, шығармашылық шабыт пен толағай табыс тілейді.

Алматы Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: