ҚР 32 жастағы халық әртісі трейлер ролигін YouTube-тегі арнасында және Instagram-дағы парақшасында жариялады.
"Madison Square Garden-дегі бір түн. Әуен алдындағы тыныштық. Көптеген жылдар бойы қилы жолды жүріп өтіп, ақыры жеткен сәт: репетициялық залдардан бастап әлемдегі ең танымал сахналардың біріне дейін. 2025 жылғы 5 қазанда Димаш Құдайберген Қазақстан мен ТМД елдерінің тарихында аты аңызға айналған Madison Square Garden аренасында жеке концерт берген алғашқы әртіс болды. Бұл тарихи концерт Stranger Tour аясында өтті", делінген трейлердің сипаттамасында.
Деректі фильмде концертке дайындық, сахна сыртындағы сәттер, арманға апаратын жол, сондай-ақ Димаштың отбасымен, командасымен, музыканттарымен және көрермендерімен бірге бастан өткерген эмоциялары мен энергиясы көрсетіледі.
"Фильмнің режиссері - Тима Рахим. Жақында", делінген сипаттамада.
Жер шарының түкпір-түкпіріндегі Димаштың жанкүйерлері деректі фильмнің шығуын асыға күтетіндерін, қазақстандықтың Нью-Йорктегі Madison Square Garden-дегі тарихи концертінен тыс кадрларды көруге құштар екендіктерін атап өтуде.