Бала демалысқа шыққан соң таңнан-кешке дейін үйде болады. Сондықтан ата-ана баланың демалысын өнімді өткізуді ұйымдастыруы тиіс.
Көлікпен саяхаттау. Демалыс күндері ата-аналар өз көлігімен жақын қалаға саяхат жасай алады. Мысалы, сіз Алматы қаласында тұрсаңыз, Талдықорғанға саяхаттай аласыз. Жолда бұрын-соңды көрмеген елді мекендерді, әдемі сулар мен сұлу табиғат алдыңыздан кезігеді. Балаңызға қызықты болар-ау деген мекендерді алдын ала іздестіріп біліп алыңыз. Қаланың өзіне барғанда көрікті жерлерін тауып алып, оның тарихын балаңызға айтып беріңіз.
Балалар музейіне саяхат. Қазіргі таңда музейдің түр-түрі көп. Жастайынан мұражай аралаған баланың ғылымға, білімге құштарлығы мол болады. Білмеген сұрақтарына жауап беріп, баланың танымын кеңейтесіз.
Жаз туралы фильмдер. Жаз мезгіліндегі қызықты демалыстың бәрін біріктіріп, фильм етіп сақтап қойыңыз. Бұл сізге әрі балаңызға жылы естелік болып сақталып тұрады. Қыстың суық күнінде осы отбасылық фильмдерді қарап, жаныңыз жадырайтын болады.
Көкөніс отырғызу. Есік алдына немесе балконға гүл, көкөніс отырғызу бала үшін қызықты іс. Өйткені бұл тірі ағзалар үнемі күтімді талап етеді. Салатқа қосатын жасыл шөптерді де отырғызуға болады. Тәжірибесі бар жандар қияр, қызанақ, болгар бұрышы сияқты жемістерді баламен бірге ексе, бұл баланың жадында мәңгі қалатын іс болмақ.
Баланы лагерьге жіберу. Жаз мезгілінде балалар лагерьге кетеді. Алайда барлық ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Дегенмен сіздің балаңызға ғана лайықтысын іздеуден танбаңыз. Аптасына үш рет болса да баратын сабағы, үйірмесі болуы тиіс.
Шеберлік сыныптары. Әртүрлі бағыттағы шеберлік сыныптары балаңыз үшін таптырмас ермек болмақ.
Шет тілін үйрену. Балаға жаз бойы сабақ оқыту құптарлық іс емес. Өйткені бала үш айда демалуы тиіс. Дегенмен бір шет тілін болса да меңгерту – балаңыздың болашағының жарқын болуына өз септігін тигізбек.
Гербарий. Балаңыз жаз бойы жапырақ, гүл күлтелерін, ұсақ тастарды жинап жүрсе, кейін осы материалдардан небір-небір қолөнер туындыларын жасайтын болады. Әсіресе еңбек сабағында бұл заттар қажетке жарайды.
Қолдан жасалған ойыншық. Дүкенде сатылатын ойыншықтарды қолдан жасауға болады. Сусабын, крахмал, майдан слайм жасауға болады. Тігінді ұнататын балалар ескі киімнен әртүрлі киім тіге алады.
Дизайнер ойыны. Балаңызға арзан ақ футболка алып беріңіз, баланы еркіне жіберіп, оның әлгі футболкаға қалауынша сурет, бояу салуға мүмкіндік беріңіз.
8 жастағы қыздың анасы Сәуле Орманова оны балалар санаториясына жібергенін айтады.
"Қызымды балалар санаториясына жібердім. Ол жақта алты уақыт тамақ, ойын бағдарламалары бар. Бір жақсысы – күні бойы телефон бермейді, телефондарын жинап алады. Тек екі сағат қана телефон қолдануға болады. Сол жағы ұнайды. Санаторияның бір кемшілігі – балаң жалғыз жатқанда ана ретінде уайымдайсың", - дейді Сәуле.
Ал 10 жастағы ұлдың анасы Жаннұр Байғазықының сөзінше, бала үнемі үйде.
"Ата-әжесі алыста тұратындықтан, балам үнемі үйде. Үйден жалығып кетті, сабаққа асығып жүр. Әкесі екеуміз еңбек демалысына шыққанша үйде болады. Еңбек демалысына шыққан соң отбасы болып шетелге 10 күнге барып қайтамыз", - дейді Жаннұр.
Үш айлық демалыстың қаупі қандай?
Баланың бос уақыты көп болатыны соншалық, анасы мен әкесі үнемі баланы қадағалауда ұстай алмайды. Ересектерде жазғы демалыс болмайтындықтан, әке де, ана да күндіз жұмысқа кетеді. Бала үйде жалғыз қалады. Осыған байланысты бала бос уақытында теледидар көреді, телефон қарайды. Бір сөзбен айтқанда ересек адам әдетте тыйым салатын заттарды жалғыз қалғанда істейді.
Бала істейтін жұмысы болмағандықтан, өзінің гигиенасымен де айналыспайды. Бала мұғалімі жазға оқуға берген кітаптарды оқымайды. Тіпті жоғары сыныптарда оқитын оқушының өзі жазда не істейтінін білмейді. Демалысқа шығам деп қуанады, жарқын, есте қаларлықтай жазды күтеді, алайда соңында іш пыстыратын, бірсыдырғы күндер басталады.
Бұл күндері ата-ана жұмыстан келген соң балаға бар уақытын арнауы тиіс. Мүмкіндік болса, баланы бірнеше үйірмеге жаздырып, дамытқаннан артығы жоқ.
Қазіргі таңда мектептің жанында лагерьлер бар. Баланы жазғы лагерьге жаздырып қойсаңыз да болады.