Облыстық форумның жұмысына Жамбыл облысы прокуратурасының, облыстық полиция департаментінің, облыстық денсаулық сақтау, білім басқармасының басшылары мен өкілдері, республикалық психикалық денсаулық саласының мамандары, жоғары оқу орындарының ғалымдары, суицидологтар, білім беру ұйымдары мен аудандық, Тараз қалалық бiлiм бөлімдерінің басшылары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен сынып жетекшілер, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, психологтар мен әлеуметтік педагогтар, әдіскерлер, ата-аналар комитетінің төрағалары, барлығы 550-ден астам адам қатысты. Форумның жұмысы қазіргі заман отбасындағы бала тәрбиесі мәселесінің ерекшеліктерін жан-жақты талқылай отырып, мектеп пен отбасының ынтымақтастығы, бала денсаулығын нығайту бағытындағы жұмыстар және отбасы тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтардың бала тәрбиесіндегі маңыздылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараның модераторы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова болды. "Оқушылардың денсаулығы мен тамақтануына бақылауды ұйымдастыру және жүргізу" тақырыбындағы баяндамасында: Баланың жеке басының дамуы мен қалыптасуындағы ең маңызды буын – отбасы екенін және оның әрбір жетістігі – ата-ананың тәрбиеге қаншалықты көңіл бөлетініне байланысты екенін айтып өтті.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі
"Primary Health Care" Ұлттық қауымдастығының президенті, профессор Төлебай Рахыпбеков балалық шақ - адам өміріндегі ерекше кезең екенін атап өтті. Дәл осы уақытта денсаулық қалыптасады, тұлғаның қалыптасуы жүреді, балалық шақ тәжірибесі, көбінесе, адамның ересек өмірін анықтайды. Балалар алғашқы өмірлік тәжірибені отбасыдан алады және әртүрлі жағдайларда өзін қалай ұстау керектігін үйренеді.
Сурет: Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі
Іс-шара барысында оқушылардың денсаулығы мен тамақтануына бақылауды ұйымдастыру және жүргізу, бала тәрбиесіндегі ата-аналармен бірлесе жұмыс жүргізудің жолдары, балалар мен жасөспірімдердің ментальді денсаулығы, тәуелділіктің биопсихоәлеуметтік моделі, кәмелетке толмағандардың деструктивті мінез-құлқын алдын алу, балалар мен жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын сақтау, облыстағы бала құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері, кәмелетке толмағандар арасындағы аутодеструктивті бұзушылықтар және суицидті превенциялау шаралары туралы, жасөспірімдердің синтетикалық, психоактивті заттарды пайдалану салдарынан пайда болатын психотикалық бұзушылықтарды алдын алу, рухани-адамгершілік құндылықтар мен ұлттық тәрбие беру туралы тұжырымды пікірлер ортаға салынып, талқыланды.
Іс-шара соңында барлық қатысушылар форумның үндеуін қабылдады.
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі