Тал түбінен табылған 4 жастағы бала жансақтау бөлімінен шықты

Бала нейрохирургиялық палатаға ауыстырылды.

Алматыда дәрігерлер тал түбінен ауыр бас жарақатымен табылған 4 жастағы баланың жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігерлердің айтуынша, бала нейрохирургиялық палатаға ауыстырылды.

«Баланың жағдайы бірқалыпты ауыр. Қазір анасының қасында, сөйлейді, тамақ ішеді. Бірақ, өте әлсіз. Баланың оң жақ аяқ қолының гемипарезі байқалады, яғни бұлшық еті әлсіреген», - деді Балаларға арналған Шұғыл медициналық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Дінмұхаммед Рузуддинов.

Оның айтуынша, қазір бала нейрохирургиялық бөлімшеге ауыстырылды.

«Оның қалпына келу уақыты туралы айтуға әлі ерте. Қазір нейротроптық, ми қан айналымын жақсартатын препараттарды, витамин терапиясын қабылдап жатыр. Баланы 2-3 аптада үйіне шығарамыз деп үміттенеміз», - деді дәрігер.

Айта кету керек, жантүршігерлік оқиға кеше Алматыдағы шығыс айналма жолына жақын Брянская көшесінде болған. 4 жастағы баланы көлік қағып, қан-жоса болған күйде көрпеге орап, тал түбіне қалдырып кеткен. Ата-анасы бірнеше минут өткен соң ғана баланы жүздеген метр қашықтан тауып алған.

Бүлдіршін кеше ауыр халден есін жиған болатын.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: