"Түркістан облысы, Сайрам ауданының балалар лагерінің бірінде ересектер балаларымызды ұрып-соқты" деп ата-аналар шағымданды, деп хабарлайды Zakon.kz 31 телеарнаның жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
"Қарабұлақтық ата-аналар балалар лагеріндегі әлімжеттік ашу-ызамызды туғызды дейді. Балаларын алып кетуге келген ата-аналар мұнда ұрып-соғумен бірге 100 рет отырғызып-тұрғызу қалыпты жағдайға айналған дейді. Ал бірі баласының денсаулығына елеулі зиян келгенін айтады", - дейді телеарна тілшісі.
- Барсам 4 келі салмақ тастапты. Грыжасы ісіп кетіпті. Алып қайттық, - дейді осында демалған баланың анасы Айбүбі Әбдірайымова.
- Отырғызып-тұрғызады дейді, олай істей алмасаң екі алақаныңды маңдайға қойғызып, содан ұрады дейді. Басымыз қатты ауырады содан дейді. Грыжасын шығарып жіберіпті, - деді Сайдрасул Әбдәзімов.
Лагерь басшылығы мұның бәрі жала дейді.
- Лагерьге барып келгеннен кейін осындай "машонкасында" ісік болды деген экспертизалық қорытынды шықса, онда әңгіме басқа. Қаратайық, сараптамадан, жаладан қорықпаймыз. Ақ-қарасын заңды түрде ажыратуға дайынбыз, - деді лагерь жетекшісі Венера Якубова.
Иә, ата-аналар жаппай шағымданғанмен, тек бір бала ғана дәрігерлік тексеруден өтетін болды. Өйткені жарақат белгісі сол бір балада ғана бар болып шықты.
Ал жазалады деген жоғары сынып оқушысы былай дейді:
- Төбелесіп жатыр екен. Содан жазалау үшін отырғызып-тұрғыздым.