Қарағанды облысы Сәтбаев қаласында пышақталған үш жасар қызды өлтірді деген күдікпен оның анасы ұсталды деген ақпарат расталмады, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Айта кетсек, 27 қарашада сағат 15:00 шамасында 43 жастағы қала тұрғыны Сәтпаев қалалық полиция бөліміне қоңырау шалып, үш жасар қыздың пышақтан жарақаттанғанын хабарлады. Жедел-тергеу тобы оқиға орнына дереу жетіп, бұл фактіні растады. Үйде удай мас 34 жастағы әйел мен оның азаматтық некедегі күйеуі болған. Тергеу кезінде 34 жастағы келіншек қызды пышақтап өлтірді деген күдікпен ұсталған. Алайда ол баланың анасы болмай шықты.
Араққа жақын әйелге үш жасар бүлдіршінді көршісі аманаттап қалдырған екен.
Оқиға Сәтбаев қаласы маңындағы Весовая елді мекенінде болды. Ерлі-зайыптылар үш жастағы қыздарын көрішісіне қалдырып, өздері жұмысқа кеткен. Алайда маскүнем көршілері араққа сылқия тойып ұйықтап қалады. Ал қарны ашқан бала шырылдай берген. Содан есі кіресілі-шығасылы күйде оянған 34 жастағы әйел пышаққа жармасыпты. Ашу үстінде тамағынан үш рет осып жіберген. Оның күйеуі жедел жәрдем шақырғанымен, әбден қансыраған бүлдіршіннің демі дәрігерлер жеткенше үзілген. Қыршынынан қиылған бүлдіршін бүгін жерленді.
Жаңатай Сембеков Қарағанды облыстық ПД баспасөз хатшысы:
- Оқиға орынында пәтердің 34 жастағы иесі және 43 жастағы азаматтық некедегі күйеуі болған. Тергеу барасында бүгінгі таңда 34 жастағы пәтер иесі бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алынды.