Алматы облысында мешітте ұрлық жасаған күдікті ұсталды

Тәртіп сақшылары күдіктінің бұған дейін де өзгенің мүлкін ұрлағаны үшін бірнеше мәрте қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын анықтады.

Іле ауданының Полиция басқармасына "Жәпек батыр" ауылының тұрғыны хабарласып, Чапаево елдімекеніндегі мешітте оның қалтасынан ірі көлемде қаржының қолды болғанын жеткізген, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап..

"Жедел-іздестіру шаралары барысында осы қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол 35 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Қылмысын мойндаған күдіктінің хабарлауынша, ол таксиде келе жатып, мешіттің жанында көліктің бұзылып қалған. Жүргізушіге көлігін жөндеуге көмектескен ол жанындағы мешітке қол жуу үшін кірген. Сол жерде ілініп тұрған сырт киімді көріп, қалтасын тексерген. Киімнің қалтасындағы 40000 теңгені алып, жартысын әйеліне берген, қалғанын өз керегіне жұмсаған", - деп толықтырды Іле ауданы Полиция басқармасының анықтаушысы полиция капитаны Мақсат Нұрсейітов.

Тәртіп сақшылары күдіктінің бұған дейін де өзгенің мүлкін ұрлағаны үшін бірнеше мәрте қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын анықтады.

"Қылмысты ашуға оқиға орнында түсірілген бейнежазбалар көмектеседі. Сондықтан, жеке қауіпсіздік үшін азаматтарға қоғамдық орындарда, сондай-ақ жеке үйлерде бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береміз. Сонымен қатар, жеке заттарыңызға мұқият болуға және оларды қараусыз қалдырмауға шақырамыз", - деп атап өтті Мақсат Нұрсейітов.

Қазіргі уақытта ұсталған азамат қамаққа алынды. Аталған дерек бойынша қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: