Қазақстанда ЖРВИ жұқтырғандар саны азайды: Денсаулық сақтау министрлігі тың деректерді жариялады
Фото: akorda.kz
Бұл туралы 2026 жылғы 2 қарашада ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. Ведомствоның дерегінше, 22-28 қазан аралығында елімізде ЖРВИ-дің 74 689 жағдайы тіркелген.
Эпидемиологиялық ахуалға қатысты негізгі көрсеткіштер:
- сырқаттану деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44%-ға төмендеген;
- алдыңғы аптамен салыстырғанда жаңа жағдайлар саны 1,5 есе азайған;
- эпидемиологиялық маусым басталғалы бері 1 075 450 адам ЖРВИ жұқтырған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 4,7%-ға аз.
Зертханалық зерттеулер нәтижесінде республикада негізінен тұмауға жатпайтын вирустар: риновирус, аденовирус және бокавирус айналымда екені анықталған. Сонымен қатар маусым басталғалы бері дәрігерлер тұмаудың A(H1N1)pdm09 штамын жұқтырудың 12 жағдайын зертханалық жолмен растаған.
Бұған қоса өңірлерде тұмауға қарсы вакцинация науқаны жалғасып жатыр.
"2,2 млн доза "Гриппол®" вакцинасы сатып алынды. Бұл халықтың шамамен 11%-ын вакцинациялауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта вакцина республиканың барлық өңірінде бар. 30 қазандағы жағдай бойынша 1 670 447 адам екпе алған. Бұл вакцина салдыруға жататын контингенттің 75,3%-ын құрайды", – делінген министрлік хабарламасында.
Денсаулық сақтау министрлігі күзгі-қысқы кезеңде аурудың алдын алудың негізгі шараларын еске салды. Мамандар қолды жиі жууды, бөлмелерді тұрақты түрде желдетуді және тыныс алу әдебін сақтауды ұсынады.
Денсаулық сыр беріп, дене қызуы көтерілген немесе жалпы жағдай нашарлаған жағдайда басқа адамдармен байланысты шектеп, уақытылы дәрігерге қаралу қажет.
Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті ЖРВИ мен тұмаудың маусымдық өршуі кезінде не істеу керектігі және ауруды емдеу жолдары туралы маңызды ұсыныстар берген болатын.