Алматыда жоғары деңгейдегі дайындық режимін енгізу туралы бұйрық - фейк

Қазіргі уақытта қаладағы жағдай тұрақты.

Алматы әкімдігі желіде таралып жатқан "Алматы қаласы әкімінің коронавирустық инфекцияны тіркеу және тарату жағдайында жоғары дабыл режімін енгізу туралы бұйрығы" деген құжаттағы мәліметті жоққа шығарды, деп хабарлайды zakon.kz.

Желіде үш беттен тұратын қала әкімінің бұйрығы тараған. Онда Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары, әкімдіктер, жұмыс берушілер және медициналық ұйымдар жаңа коронавирустық инфекцияның пайда болу қаупіне байланысты қабылдауы тиіс шаралар сипатталады.

​Алматы қаласы әкімінің коронавирустық инфекцияны тіркеуге және таратуға дайындықты қамтамасыз ету шаралары туралы бұйрығы деген құжаттың әлеуметтік желілерде таралуына байланысты, біз ондағы ақпараттың шындыққа жанаспайтындығын ресми түрде хабарлаймыз. Бұл құжат жалған, - деп жазды инстаграммда қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсет Мұқажанов.

Сонымен бірге, ол қала коронавирустық инфекциясының таралуына қарсы белсенді жұмыс жүргізіліп жатқандығын және әртүрлі жағдайға дайындық нұсқалары қарастырылып жатқандығын қоса кетті.

"Қазіргі кезде мегаполистегі жағдай тұрақты деп ресми түрде мәлімдейміз. Коронавирустың тіркелгені туралы мәлімет жоқ. Азаматтарды ресми дереккөздердің ақпаратын пайдалануға шақырамыз. Анықтама алу үшін 1406 Call-орталығына хабарласуға болады, ол тәулік бойы жұмыс істейді. Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі күнделікті жағдай бойынша көпшілікті үнемі хабардар етіп отырады. Алматыда коронавирустық инфекцияның алдын алу жөніндегі аймақтық штаб жұмыс істейді. Күшейтілген санитарлық-карантиндік бақылау шаралары жүзеге асырылуда. Қаладағы жағдай бақылауда", - деп жазады Мұқажанов.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: