Талдықорған қаласының қырағы учаскелік полиция қызметкері қызметтен тыс уақытында ұрыны қылмыс орнынан ұстады, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ағымдағы жылдың 29-наурыз күні Талдықорған қаласының ПБ Батыс ҚПБ учаскелік инспекторы полиция капитаны Ақжол Айтмұхамедов қылмыстың куәгері болған.
"Сағат 6.30 шамасында пәтерде жаттығу жасау кезінде, менің үйіме қарама-қарсы орналасқан дүкенге белгісіз адамдардың терезеден кіріп бара жатқанын көрдім. Бірден 102 пультіне қоңырау шалып, қылмыс туралы хабарлағаннан кейін, жүгіріп шығып дүкеннің терезесінен шығып бара жатқан қаскүнемді ұстадым", - дейді полиция капитаны Ақжол Айтмұхамедов.
Күдікті Шығыс Қазақстан облысының 32 жастағы тұрғыны. Тінту кезінде азаматтан дүкеннен ұрланған жүз мың теңгеге жуық ақша табылып, тәркіленді. Аталған сомма заңды иесіне қайтарылды.
"Ұсталған азамат жалғыз әрекет етпеген, оның сыбайласы да жақын маңдағы патрульдік полиция инспекторлары аға лейтенант Елдар Байғазинов пен Ернат Есімовпен ұсталды. Оның сыбайласының көрші аулаларға жасырынып үлгергені және белгілі тұрғылықты жері жоқ 35 жастағы азаматша екені анықталды", - деп толықтырды капитан Айтмұхамедов.
Күдіктілер ұрлық жасағанын толығымен мойындады,қазіргі уақытта олар уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Азамат 2019 жылы Шығыс Қазақстан облысында 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына тартылған және пробациялық бақылаудан жасырынғаны анықталды.