Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды zakon.kz.
Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов мәлім етті.
"Құрметті жерлестер! Кеше кешке Аягөз ауданында жылдамдығы секундына 28 метрге жеткен екпінді жел соғып өтті. Бүгін ауданда төтенше жағдай жарияланды. Орынбасарым Б.Баяхметов бастаған арнайы комиссияны жолға шықты. Оқиға орнында барлық коммуналдық және апаттық қызметтер жұмыс жүргізуде. Қалпына келтіру жұмыстарын бір апта ішінде аяқтауды тапсырамын. Қажетті қаражат бөлінеді. Алдын ала деректер бойынша, төтенше жағдай салдарынан 72 тұрғын және 19 көпқабатты үйлер, сондай-ақ 8 әкімшілік ғимарат зардап шекті. Ағаштар мен бұтақтардың құлауы салдарынан электр желілері үзілді. Нәтижесінде 3679 абонент электр жарығынсыз қалған еді. Қазіргі уақытта кезең-кезеңімен жарықты қосып жатыр. ШҚ ӨЭК-ның 5 апаттық бригадасы жақын арада қалған 700 абонентте жұмысты аяқтауы тиіс. Сондай-ақ, қалалық ауруханаға түрлі дәрежедегі жарақаттармен 7 адам жүгінген. Қазір жағдайлары тұрақты, стационарда бір науқас жатыр" де жазды Инстаграмдағы парақшасында.