Көкшетауда алты адам су орнына антифриз ішіп, төртеуі көз жұмды

Марқұмдардың туыстарына материалдық-моральдық шығынды өтеп беруді былай қойғанда, кешірім сұрау, тіпті жұбаныш болар, көңіл айту да қолдарынан келмеген.

Судың орнына шатастырып антифриз ішіп қойған. Көкшетауда әкімшілік жазаны өтейтін мекеменің камерасында 6 бірдей адам, көліктің салқындатқыш жүйесіне құйылатын ерітіндіні қолданып, ауруханадан бір ақ шықты. 4 адам көз жұмса, екі азамат жарымжан болып қалды.

Қайтыс болған марқұмдардың туыстары, полиция департаменті істі жылы жауып қоймақшы деп дабыл қақты. Оқиға болғалы бір ай уақыт өтсе де, олар құзырлы орган тарапынан ешқандай көмек болмады деп налиды. Тіпті, жауаптылар уланып хал үстінде жатқандар жөнінде ет жақындарына хабарламаған көрінеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

"Сол напитокпен негізі бір сұйық зат өтіп кетті. Енді, біздің естуімізше антифриз, - дейді. Сол кемпір өткізіп жіберіпті".

Осылай деген марқұмдардың ет жақындары, істің ақ-қарасын ажырата алмай жүргендеріне бір айдан асқан. Шалыс қадам басып, тәртіп бұзғаны үшін әкімшілік қамауға алынған туыстары аяқ асты уланып, тілге келместен бақилық болды. Мәселен, 40-тан енді асқан шағында көз жұмған Думан Әбділмановтың артында отбасы қалды. Ағасы бауырының неден уланғанын анықтай алмай жүр.

Ертай Әбділманов, марқұмның ағасы:

"Менің талабым, енді неге немқұрайды қарайды? Алып кетті сау адамды. Сау адамды алып кетіп, өлтіріп маған алып келді. Бүкіл заң бойынша жауап берсін. Ішіндегі мекеме. ДВД, анау Астанада отырған министр. Кінәлі адамды отырғызсын. Содан кейін, маған менің інімді қайта әкеле алмаймын. Ешкім бермейді. Енді, маған материальный моральный ущерб төлеп берсін".

Рөлге мас күйінде отырғаны үшін 15 тәулікке қамалған марқұм Думан Әбділманов Зеренді ауылының тумасы. Мамырдың 25-і күні оны учаскелік полиция Көкшетау қаласының "қабылдау-тарату" пунктіне жазасын өтеу орнына алып кеткен. Арада 3 тәулік өткен соң, артынан азық-түлік алып барғанда, карантинді сылтауратып мекеме басшылары ағайындарын кері қайтарып жіберіпті.

Ертай Әбділманов, марқұмның ағасы:

"Облыстық ауруханаға барғанда, барлығын откачать етуге болатын еді. Қазір медицина дамыған заман ғой. Ал, бұл анау сол жерде отырған, бастығынан бастап, ІІМ бастап, ол өз істеріне немқұрайлы қарағандығы. Отырған жерлерінде су жоқ, - дейді. Олар шөлдеп жаңағыны ішкен ғой. Антисанитария полный жаңағының іші".

Зардап шеккендердің туыстарының сөзінше, камерада 6 адам отырған екен. Сол күні бір азаматтың артынан туыстары азық-түлік беріп жіберген көрінеді. Су жоқ болғандықтан, шөл қысқан олар 5 литрлік бөтелкеге құйылған сұйықтықты іше бастаған. Көп ұзамай, бірінен соң бірі есін жоғалтыпты. Бір өлімнен аман қалғандардың арасында 59 жастағы Виктор Горбатенкода бар. Ол 1 айдан бері ауруханада жатып, таяуда ғана үйіне шығарылған. Жұбайының сөзінше, ақ халаттылар оған жарты жылға дейін ем алуға кеңес берген.

Галина Токаерва, уланған Виктор Горбатенконың әйелі:

"Полиция департаменті тарапынан ешқандай көмек болған жоқ. Көмек былай тұрсын күйеуім уланып, ауруханаға түскенін де хабарламады. Мен сол күні Виктордың артынан тамақ алып барғанда бір-ақ білдім. 12 сағаттан бері жансақтау бөлімінде жатыр екен. Өліп кеткенде не істейтін едік? Ал, ертеңіне полиция жауап алғанда, үйге көлік жіберіп, бөлімшеге алдыртты. Бір жұма болды ауруханадан шыққанына, әлсіздік бар. Жергілікті полиция бұл істі жылы жауып қойғысы келеді."

Ақмола облыстық полиция департаментіне осы іс бойынша сұрау салғанымызбен, олар ресми сұхбат беруден бас тартты. Айтуларынша, қазір барлық жерде карантин, полиция қызметкерлері қашықтықтан жұмыс істеп жатқан көрінеді. Бар айтқандары, іске кінәлі "қабылдау-тарату" мекемесінің қызметкерлері жұмысына салғырт қарағаны үшін, ішкі істер органдарынан шығарылған. Ал, 3 қызметкердің үстінен қылмыстық іс қозғалыпты.

Ақмола облыстық полиция департаментінің ресми жауабынан үзінді:

"Қабылдау-таратудағы әкімшілік қамауда отырған тұлғалардың улану фактісі бойынша "Өзіндік қауіпсіздік басқармасы" мекеме қызметкерлеріне қатысты қызметтік тергеу жүргізді. Оның нәтижесі бойынша, облыстық полиция департаменті басшысының бұйрығымен, Қабылдау-таратудың басшылығы және сол күні кезекке түскен қызметкерлері ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылды. Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың өлімі бойынша 3 қызметкерге қатысты, ҚР Қылмыстық кодекстің 370-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Істің басқа бөлігі жариялауға жатпайды".

Ақмола облыстық полиция департаментінің басшысы тарапынан, марқұмдардың туыстарына материалдық-моральдық шығынды өтеп беруді былай қойғанда, кешірім сұрау, тіпті жұбаныш болар, көңіл айту да қолдарынан келмеген. Ал, апталдай азаматтарынан айырылған әлеумет мұнымен тоқтамақ емес. Еліміздің бас полицейі Ерлан Тұрғымбаевқа үндеу жолдап, неден уланғанын анықтап беруін талап етеміз деп отыр.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: