Алматыда көшеде мас еркекке сөз қайтарған екі қыз оңбай таяқ жеді

Дәрігерлер мидың шайқалуы, көгеру және дене жарақаттарын тіркеді.

Алматы қалалық полициясы қыздарды ұрған 1988 жылғы ер адамды ұстады, деп хабарлайды zakon.kz.

Оқыс оқиға жайлы Instagram-дағы zhest_kz парақшасында мәлімет жариялады. 25 шілдеде екі құрбы көлікпен Абылай хан даңғылының бойымен үйіне қайтып бара жатқан. Бірақ бензин таусылып, олар орта жолда қалады, көлікті Қазыбек би көшесінің бойына қояды. Жақын маңда жанармай бекеті болмай шығады.

- Біз досымызға қоңырау шалып, бензин әкеліп беруін өтіндік. Бізге жақын маңда автокөліктер тұрақта тұрды. Сол маңда аздаған адам төбе көрсетті. Біреу темекі шегіп, біреуі сусын ішіп, тағы бірі тамақ жеп дегендей. Қауіптенетіндей ештеңені байқамадық. Шамамен 20 минуттан кейін сол жақтан бір ер адам бізге қарай келді, сау адамға ұқсамайды. Алдымен ол көлігіміз тұрған жердегі жолдың жиегіндегі бетонға отырды, содан соң бөтелкедегі коньякты іше бастады. Содан соң нағыз масқара басталды, - деп жазды жәбірленуші.

Ол тек отырмай, көзіне көрінген қыздарға тіл тигізіп, балағат сөздер айтқан. Сол кезде қыздардың бірі ер адамнан бұл жерден кетуін сұрап, өктем сөйлеген. Осыдан кейін, қыздың айтуынша, төбелес басталған. Ер адам олардың біреуінің шашынан ұстап, көліктің капотына ұрған.

- Мен қатты қорқып кеттім, айқайлап, көмекке шақыра бастадым. Бақырған-шақырған мені көріп, ол бірден маған қарай бет алды. Балағаттап, айғайлап келіп, мені бетімнен ұрды. Оның оң қолында гипс болғандықтан, соққы қатты болды. Қатты соққыдан мен асфальтқа ұшып түстім, бірнеше секундқа есімнен танып қалдым, - деп жазды ол.

Жерде жатқан оны құрбысы көлікке сүйреп апарып, есікті тарс жауып алған. Ер адам, жәбірленуші атап өткендей, есіктерді бұзып, ашуға тырысқан. Одан түк шықпаған соң ол жақын маңда тұрған көлігіне мініп, кетіп қалған.

Дәрігерлер мидың шайқалуы, көгеру және дене жарақаттарын тіркеді.

Алматы қалалық ПД Алмалы аудандық полиция бөлімі бұл оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

- Арыз келіп түскеннен кейін ҚР заңнамасына сәйкес, күдіктінің жеке басын анықтауға және оны одан әрі жауапкершілікке тартуға бағытталған жедел-іздестіру шараларының кешені жүргізілді. Нәтижесінде күдікті анықталып, қамауға алынды. Бұл 1988 жылы туылған "А" деген азамат, Алматы қаласының тұрғыны. Қылмыстық істі тергеу барысын ПД басшылығы өз бақылауына алды, - деп хабарлады полициядағылар.


Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: