Көліктегі полиция департаментінің инспекторлары пойызда төбелескен жолсерік пен ревизорды әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды zakon.kz.
- 1985 жылғы Көкшетау қаласының тұрғыны Нұр-Сұлтан станциясындағы желілік полиция бөліміне Нұр-Сұлтан - Нұрлы жол - Орал бағыты бойынша жолаушылар пойызы вагондарының бірінің жолсерігіне шара қолдану туралы өтінішпен жүгінді. Өтініш беруші өзінің ревизор болып жұмыс істейтінін түсіндірді, - деді Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қалижан Қобыландин.
Оның айтуынша, ревизор мен жолсерік арасында жанжал туындап, арты төбелеске ұласқан. 49 жастағы жолсерік ревизорды балағаттап, оған қол жұмсаған. Ревизор да қалыс қалмай, жолсеріктің маңдайын шынтағымен ұрған. Жолсерік пойыздан түсірілді. Ол да ревизордың үстінен полицияға арыз түсірді.
- Мән-жайды анықтағаннан кейін полиция ревизорға қатысты ҚР Әкімшілік кодексінің 4342-бабының 1-тармағы (Ұсақ бұзақылық) және жолсерікке қатысты ҚР Әкімшілік кодексінің 73-2-бабының 1-бөлігі бойынша (Ұрып-соғу) әкімшілік хаттамалар толтырды. Әкімшілік істер процессуалдық шешім қабылдау үшін Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілді, деп қорытындылады сөзін полиция полковнигі.
Биыл жылдың басынан бері департамент қызметкерлері 32 498 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның ішінде 412 ұсақ бұзақылық үшін, 20-дан астам адамды ұрғаны үшін тіркелген. Сондай-ақ, 200-ден астам адам әкімшілік қамауға алынды, оларға 60 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды.