Қызылорда облысы Қармақшы ауданында 13 жастағы қызды ауылдағы екі ересек жігіт зорлаған. Бұл туралы жәбірленушінің анасы мәлімдеді. Ол азғындар жазаланбай, ауылда тайрандап жүргеніне ашулы, деп хабарлайды zakon.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға осыдан 5 ай бұрын болған. Анасының сөзіне сенсек, 22 және 25 жастағы ауыл тұрғындары 9-шы мамыр күні кешқұрым оқушы қызды алдап, бірінің үйіне апарған. Азғындық әрекеттерін жүзеге асырған соң, таңға жақын ауыл шетіндегі көлшіктің жағасына апарып тастапты. Сол күні жәбірленуші тарап арызданғандарын айтты. Бірақ іс "сағызша созылып" келеді деп отыр. Ал кәмелет жасына толмаған жасөспірімге қиянат жасағандар бостандықта жүр деп ашынды.
ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ АНАСЫ:
- Олар ешқандай жауапқа тартылған жоқ. Жауап алынған я қамалған жоқ, я келген жоқ. Бес ай жүзінде мен РОВД-дан ешқандай ақпарат ала алмағандықтан Қызылорда облысынан адвокат жалдап, істі көтергенімде істің қысқартылғанын білдім. Сол екеуінің жазаға тартылып, баламды бүлдірген сол таң атқанша істеген қорлықтарының жазасы тартылсын.
Оқиғадан кейін, мектеп психологтары қызбен жан-жақты жұмыс жүргізген. Ал облыстық ішкі істер департаменті аталған дерекке қатысты жазбаша мәлімдеме жасады. Онда тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатқандығын және іс департамент басшылығының қатаң бақылауында екендігі көрсетілген.