Түркістан облысында заңсыз жер сатқан алаяқ ұсталды

Бұл дерек ҚР ҚК-нің 190-бабымен тіркеуге алынды.

Сайрам АПБ-на жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғанын жеткізді, деп хабарлайды zakon.kz.

Ер адамның айтуынша, танысы 2018 жылдың мамыр айында 8 соттықтан 3 жер телімін 4,5 миллионға бағалап сатқан. Алайда арадан 1 апта өткенде сатылған 3 жер учаскесінің біреуінің құжаты дұрыс емес, ал екі жер телімі мүлдем басқа адамға тиесілі болып шығады. Содан жәбірленуші ақшасын қайтаруды талап еткенмен, күдікті құжаттарын дұрыстап беремін деп уақыт созып жүргенін жеткізеді. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, ҚР ҚК-нің 190-бабымен тіркеуге алынды.

Ақпарат алысымен қылмысты ашу мен алаяқты құрықтау мақсатында полицейлер бірден іске кіріседі. Күдіктінің жеке басын анықтап, оны АПБ-на жеткізеді. Бас шарасы міндеттемеде.

Түркістан облысының полицейлері алаяқтық әрекеттерді болдырмау үшін, азаматтарға мұқият болуды және күмәнді қызметтерді ұсынатын бейтаныс адамдарға артық сенім білдірмеуге кеңес береді. Сонымен қатар тез пайда табуға үміттеніп, өз мүлкі мен ақшасын, сондай-ақ банктік есепшот кодтары мен басқа да жеке ақпаратты белгісіз адамдарға бермеңіздер. Егер де, сіз, алаяқтықтың немесе басқа да осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға "102" нөміріне хабарласыңыздар.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: