Таразда коронавирусқа шалдыққандар түсетін стационарда түнімен жылу болмай, науқастар тоңып шыққан. Кейбірі суықтан ауруын асқындырып алыпты. Оның ішінде қалалық мәслихат депутаты да бар. Басына күн туған халық қалаулысының өзі де әлеуметтік желінің көмегімен билікке шағынды, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
- Міне, Нұрлан Шатханұлы, екінші қабатта не болып жатқанын көрдіңіз бе? Бәлкім білмейтін шығарсыз. Су тамшылап жатыр.
Қауіпті індетке шалдыққан депутат Эльмира Мырза-Ғали біраз уақыттан бері инфекциялық стационарда ем алып жатыр. Оның сөзінше, ғимараттың кіре берісінен еріген қар суы сорғалап ағып тұр. Мекеменің іші суық, крандағы су салқын, ол аздай, түнімен жылу болмаған. Соның кесірінен науқастардың бәрі жаурап, көбісінің температурасы көтереліп, жөтелі асқынған. Мұндай бассыздыққа әбден ыза болған халық қалаулысы іштегі қолайсыз жағдайды таспаға түсіріп, түнде әлеуметтік желіде жариялаған. Ал ертеңінде дереу жылу қосылды.
Депутат камераға мән-жайды айтудан бас тартты. Оның айтуынша, денсаулығы нашарлап, бас көтере алмай жатыр.
Ербол Ордабеков, Тараз қаласы №1 ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
Қазандықтан ақау шықты. Бұл біздің қолымыздағы шаруа емес, оан жылу мекемесі жауапты. Олар бүгін таңертең келіп жөндеп берді. Біз сол мекемеге нарызылығымызды білдіріп, хат жазғалы отырмыз. Дайындап та қойдық. Науқастар жылыусыз қалмауы тиіс.