Түркістан облысында малын жаятын жер таппаған жұрт төрт түлігін жергілікті әкімдіктің алдына айдап әкелді. Себебі, Қазығұрт ауданына қарасты Қарабау ауылдық округінің тұрғындарында қарыс қадам жер жоқ, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Төрт ауылдың жайылымы кезінде "тұқым өндіреміз" деген сылтаумен ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты жеке шаруашылыққа өтіп кеткен. "Ал ол тұқым өндірумен емес, өз қалтасын қампайтумен айналысып кетті", - дейді тұрғындар.
Қарабау ауылы таң атпай азан-қазан болды. Малын үйде ұстап, болмаса тар көшеге жайып жүрген жұрт сиырын қайырып әкімдіктің алдына әкелді. Зәресі ұшқан шенеуніктер оны әкімдік алдынан ары айдап әлек. Елдің мұндай қадамға баруына жайылым жердің жоқтығы мәжбүрлеген.
Қарабау округіне қарасты төрт ауыл бар. Барлығының негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы. Бірақ 2000-жылдардың ортасында төрт ауылға тиесілі жайылым жер ауылшаруашылық министрлігіне қарасты "тұқым өсіреміз" деген жеке кооперативтің қолына өтіп кеткен. Ауылдың маңы түгел жекешеленген соң, ол жерге тұяқ тигізуге тыйым салыныпты. Сондықтан жұрт жерімізді қайтарыңдар деп атой салды.
Нұржан Сманов, Қазығұрт ауданының тұрғыны:
- Талабымыз – жерді бөліп берсін. Жердің ішінде өзіміздің жайылым жеріміз бар ма, басқамыз бар ма, өз жеріміз ол. Қайтеміз, жайылымды қорғап сотталсақ сотталамыз. Бидайы, жоңышқасы бар ма, малымызды жаямыз, басқа амал жоқ.
Кооператив тұқым өсірумен емес, өз қалтасын қампайтумен әлек болғаны әмбеге аян дейді жұрт. Яғни мыңдаған гектар бидай егетін жерге жоңышқа егіп, оны сатуды кәсіп қылыпты. Бұл туралы жерді алып қойған ауылшаруашылық министрлігі жақсы біледі дейді. Тіпті былтыр ел ішінен үш кооператив бөлінсін, жерді соларға береміз деген уәде де беріпті. Бірақ вице-министрдің сөзі сол күйі қалды дейді.
Мұса Көмекбаев, Қазығұрт ауданының тұрғыны:
- Үш кооперативке хат жазады. Олар жерді әлі бермейді. Кім кінәлі? Кінәлі – министр. Айдар Сапаров, ол вице-министр. Осынша халықты алдап, шулатып қоюға бола ма? Қарабау шаруашылығы кімді асырап жатыр? Халыққа бермейді, үкіметке өткізбейді. Сонда кімді асырап жатыр ол?!
Ауылшаруашылығы министрлігіне бағынатын жекеменшік "Қарабау" кооперативінде 5 мың 745 гектар жері бар. Бұл атшаптырым алқап министрлікке тиесілі дейді кооператив өкілдері. Сондықтан бір адым жерді жергілікті жұртқа беруге құзыреті жетпейді екен.
Дәурен Әбдірасылов, "Қарабау" тәжірибелік-өндірістік шаруашылығының директоры:
- Жерді мен беремін немесе бермеймін деп мен шешпеймін. Біз орындаушымыз. Бізге қалай тапсырма келеді, бер дейді, заң аясында береміз. Берме десе, бермейміз. Жердің егесі ұлттық аграрлық ғылым беру орталығы. Халыққа бірнәрсе бер деген ешқандай тапсырма жоқ. Шаруашылық өз-өзін қаржыландырып, жұмысты жүргізу.
Кооператив басшысы айтқан ұлттық аграрлық ғылым беру орталығының өкілдері де жайылымға бере салатын жеріміз жоқ дейді. Ал ауыл сыртында мал жаятын жалғыз орын ол – қоқыс полигоны.
Сынтас, Жұмысшы, Құларық пен Қарабау ауылдарында мал жаятын бір соттық та жер жоқ. Есесіне ауыл іргесінде ресми алып қоқыс полигоны жатыр. Мал жаятын жер болмаған соң, тұрғындар қой мен ешкісін амалсыздан қоқыста жаюға мәжбүр.
Ауылда тұрып малын тек қоқыс арасында өрістетін жұрт жер мәселесін қайта қарасын деп отыр. "Жайылымдық жерлерімізді тартып алды" деген олар енді ауылшаруашылық министрлігінің үстінен премьер министр мен президентке шағым түсірмек.