Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны WhatsApp арқылы әпкесіне дөрекі сөздер жолдағаны үшін жауапқа тартылды. Әпкесі мен оның күйеуіне тіл тигізгені үшін ол 80 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылатын болды, деп хабарлайды zakon.kz.
2020 жылдың күзінде Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны өзінің әпкесі және оның күйеуімен дүрдараз болғандықтан, WhatsApp арқылы балағаттап, оларға аудио хабарлама жіберді. Жәбірленуші аудио жазбаны сақтап, оны сотта ұсынды, делінген ШҚО ҚАЖД баспасөз қызметі хабарламасында.
Құзырлы ведомства апа-сіңлілер арасындағы дүрдараздық анасының мұрасына байланысты туындағанын жеткізді.
Сот әйелді құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 80 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын тағайындады. Ол пробация қызметіне есепке алынды, сөйтіп қоғамдық жұмыстарды орындау үшін әкімдікке жіберілді. Сондай-ақ, пробация қызметінің инспекторлары әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету және есепке алынған әйелді одан әрі жұмысқа орналастыру мәселесін қарастыратын болды, - дейді өңірдегі пробация қызметінің бастығы Алмас Бұйратов.