Алкоголь өнімдерін қолдан жасаудың салдары мемлекетке орасан зор экономикалық зиян келтіріп қана қоймай, адам денсаулығына елеулі қауіп төндіреді, деп хабарлайды zakon.kz ҚР ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Контрафактілік алкогольді ішу мүгедектікке, кейде бүкіл әлем бойынша жүздеген мың адамның өліміне әкеледі.
Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері жедел-тергеу шараларының нәтижесінде суррогат алкоголь өнімін өндіретін 4 астыртын цех қызметінің жолын кесті.
Тексеру барысында 19 мың бөтелке түрлі маркалы алкоголь өнімі, 75 литр спирт, 13,4 тонна спирті бар сұйықтық, 5 мыңнан астам және 1 орама есепке алу-бақылау маркалары табылып, тәркіленді.
Сондай-ақ, контрафактілік өнімдерді құюға арналған түрлі жабдықтар тәркіленді.
Шымкент қ. бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қорытындысына сәйкес 4 астыртын цехтың ұйымдастырушылары мемлекетке 9 млн.теңгеге жуық шығын келтірген.
Үш факті бойынша ҚР ҚК-тің 233-бабының 2-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, бір факті бойынша күдікті кінәсін толығымен мойындап, залалдың орнын толтырды.