Шымкентте "карантиндік шаралар күшейтіліп, базарлар екі аптаға жабылады" дегенді естіген саудагерлер шу шығарды. Онсыз да сауданың мәнісі болмай жатқанда, дәл осылай қыспаққа алғандары мүлдем ақылға сыймайды деп отыр, деп хабарлайды zakon.kz.
Қымбатшылық екі бүйірден қысқан шақта бала шағаны қалай асыраймыз деп ашуға булыққандар базардың жабылмауын талап етті. Егер қойған талаптары орындалмайтын болса, кәсіпкерлер күре жолдың бойында заттарын саудалаудан тайынбайтындарын айтады, дейді "Еуразия" бірінші арнасы.
"Ешкімге алақан жайып, көмек сұрап жатқан жоқпыз" деген Шымкенттік саудагерлер базардың бақандай екі аптаға жабылатынына наразы. Көтерме саудада қауын-қарбыз, қызынақ және қияр сататындар заттарының екі күнде шіріп кететінін айтады. Қазірдің өзінде пайда көріп жатқанымыз шамалы, өлместің күйін кешіп жүрміз, дейді.
Сәрсен Байдуллаев, саудагер:
5 ай кетпен шауып әкелген диқандардан мына жерге әкеліп өздерінің шығарған, ешкімнен көмек алмай үйіндегі жалғыз сиырын сатып келіп, оборотына салып жерін айдатып, дәрісін беріп, әкеліп заттарын сата алмағанан кейін бұл Қазақстан азаматында қандай құқық қалды сонда? Өз затымызды өзіміз сата алмасақ.
Тынышкүл Жаңқараева, саудагер:
Базар жабылмасын, суббота базар күні жабылса жабылсын. Басқа күні азанғы сағат 8-ден кешкі сағат 5-ке дейін бір шымшық қалмайды. Бір шопыр қалмайды. Антисанитарный тап-таза қылып кәдімгі понедельник күні келіп диқандар сатсын. Бір-екі күнге жау алмайды. Көпшілікке бағынамыз. Шли енді қорлай бермеңіздер халықты. Қорламаңыздар.
55 жастағы Күлпәш Сұлтанбердиева екінші топтағы мүгедек. Деседе, соған қарамай Түркістан қаласынан келіп, қауын сатып нәпақасын табуға тырысып жүргендердің бірі. Тіпті, бала-шаға қамы үшін далада түнеуге мәжбүр. Енді міне базарды жабатын болса, мүлдем аштан қаламыз ба қорқады. Себебі, табыс көзі осы сауда-саттық.
Күлпәш Сұлтанбердиева, саудагер:
50 жылдан бері бұндай нәрсе көрген емеспіз. Бірінші рет көріп тұрмыз. Мақұл не болсада осы уақытқа дейін көніп келдік. Базарды екі күнге жапты, базарды сағат 5-ке дейін істетті оған да көндік. Біз қарапайым халық бәріне көніп келе жатырмыз. Ал, енді келіп базар екі аптаға жабылады деген халық шыдай алмайды екі аптаға.
Әбден ашынған сатушылар қойған талаптары орындалмайтын болса, сауда орынының жанындағы республикалық маңызы бар жолды жабамыз деп отыр. Тіпті, екі аптаға базарды жабатын болса, қала әкімдігінің алдына барып сауда саттық жасаудан тайынбаймыз деп ашық айтты. Санэпидемиологтар болса қазір қалалық шенеуніктер базарлардың екі аптаға жабылуына байланысты кеңесіп жатқанын ғана айтып отыр. Яғни, кеше ғана жаңа қаулы туралы жар салғандар енді сол қаулыға өзгерістер енгізуі мүмкін.