Павлодар облысының Ақсу қаласында құзырлы орган үш балалы көкек ананы ата-ана құқығынан айыруға ниетті, деп хабарлайды zakon.kz.
Pavlodar-online хабарлағандай, кішкентай балалар үнемі үйде жалғыз қалады, оның ішінде екі айлық қыз да бар, оған сегіз жасар ағасы қарайды.
Кезекті рейд кезінде қалалық полиция өкілдері пәтерлердің бірінде сегіз, бес және екі айлық балалардың жалғыз болғанын анықтады.
Есік қаққан полиция қызметкеріне іштегі балалар шешесінің таңертең кетіп қалғанын айтқан. Ата-ананы іздестіру жұмысы еш нәтиже бермеді. Ақыры тәртіп сақшылары есікті бұзып ашты.
Балалар аш болған, заттары әр жерге шашылып жатқан, ал тоңазытқышта алкогольдік сусындардан басқа дым жоқ.
Полицияның хабарлауынша, екі айлық қызға сегіз жасар ағасы қағаз қаптамадағы сүтті беріп, тамақтандырған.
Көршілер бұл балалардың жиі өз күнін өздері көретінін айтты. Балалар балаларды қолдау орталығына жеткізілді. Төрт сағаттан кейін балалардың анасы жігітімен бірге пайда болды. Анықталғандай, ол облыс орталығына табыс табу үшін кетіпті.
Айтқандай, балалардың анасымен бірге тұратын адам бұрын сотталған, әйелдің өзі бірнеше рет ата-ана міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қазіргі уақытта 34 жастағы әйел ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы, 2-бөлігі бойынша тағы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды, материал сотқа жолданды.
Сондай-ақ, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сот балалардың құқығынан айыру мәселесін шешетін болады.