Атырау әуежайындағы Желілік полиция бөлімшесіне "Атырау-Кутаиси" әуе рейсінің 20 жастағы жолаушысы отырғызу кезінде әуе кемесінің жанында темекі шеккені туралы хабарлама келіп түсті. Ол жерде темекі шегу Қазақстан заңнамасымен тыйым салынған, деп хабарлайды Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Грузия азаматына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабының 1-бөлігі (Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған жерлерде темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды тұтыну) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Дәл сол күні екі қазақстандық азамат әуе кемесінің бортында темекі тартқаны үшін Алматы әуежайында әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар Алматы облысының және Алматы қаласының 43 жастағы тұрғындары болып шықты.
Құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабының 1-2-бөлігі (Темекі бұйымдарын, оның ішінде әуе кемесінің бортында қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды тұтыну) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері еліміздің көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 35 000-нан астам құқық бұзушыны, оның ішінде белгіленбеген орындарда темекі шеккені үшін 752 құқық бұзушыны жауапқа тартқан болатын.