Медициналық мекеме өзге түгелі өз қызметкерлеріне есігін тарс жауып, ашпай қойған. Ал дертіне шипа іздеп келгендер де қара суықта дірдектеп, бірнеше сағат сыртта тұруға мәжбүр болды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Шымкенттегі №2 емханадағы жұмыс күні ерекше басталды. Дертіне дауа іздеп келген науқастар мен қоса емхана қызметкерлері ғимаратқа кіре алмады. Сыртқы есіктен әрі аса алмағандар не жағдай болып жатқанын түсінбей сағаттап күтіп қалған. Тек емдеу мекемесінің күзетшілері емхананың жабық екенін жеткізген, делінген "Еуразия" бірінші арнасының сюжетінде.
НҰРЖАМАЛ ТУҒАНБАЕВА, МЕДБИКЕ:
Мақұл, біз. Ал небір науқастар стресс алып, айқай-шу шығарып, есіктен кіре алмайды, қаны көтеріліп кетіп жатыр. Мысалы, Астанаға баратын жаңағы порталмен келгендер шу шығарып, "мөр керек" деп айқайлап жатыр маған.
ГҮЛСАРА ЖҰМАШБЕКОВА, ТҰРҒЫН:
Емхана қызметкерлерінің барлығы сыртта тұр, мына қақпаның арғы жағында науқастар тұр. Не жағдай екені, түсініксіз. Осы жерде сағат сегізден бері тұрмыз. Тізем ауырады, тіземді баса алмаймын. Қан қысымы ұстайды, жүйкем таусылып, бағана ана күзетшілермен ұрсыстым, айқайласып кіргізбей тұрғаны үшін.
Жан-жақтан шу шығарып, айқайға басқан соң ғимараттың есігі ашылып, қызметкерлер мен науқастарды ішке кіргізді. 60 мыңнан астам тұрғынға медициналық қызмет көрсететін 409 қызметкері бар емхананы көшіру жыл сайынғы әдет дейді. Осы ғимараттың өзіне келгендеріне бір жарым жыл өтіпті, енді міне тағы да мезі болған мәселе қайталанып отыр. Айтуларынша, мемлекеттік емхана жеке меншік ғимаратқа жайғасқан. Енді келіп үшінші адамға сенімгерлікпен тапсырылған. Бүкіл былықтың барлығы осыдан шыққан көрінеді.
НҰРБИКЕ АБДИМБАЕВА, №2 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
Біз, негізі шаршадық. Мынау емханадағы барлығымызды ары-бері көшіре беруден шаршадық. Енді бүгіннен бастап бізді жауып жатыр. "Басқа бір компания алды, сол жаққа қарай кетесіңдер" дейді. Егер ертең келіп шық дейтін болса, біз қарсылық білдіреміз.
Алайда мәселе қайтадан ушығатын болса, яғни дәрігерлерді отырған жайлы орындарынан қуса, қызметкерлер жұмысқа шығудан бас тартамыз дейді. Тіпті іс насырға шабатын болса жауапты министр түгілі президентке дейін хат жазып, жағдаймызды жеткіземіз деп бекініп отыр ақ халаттылар. Ал жауапты басқарма өкілдері бұдан былай емхана жұмысын сенімгерлік басқару аясында жеке меншік компания басқаратынын жеткізді. Яғни, бұл шара заң аясында істеліп жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, науқастар мен қызметкерлер осы емханадан кетпейтінін айтып сендірді.