Қаскелең қаласында ер адам кішкентай қызға күш көрсетті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Алматы облыстық полиция департаменті оқиғаның 16 қарашада сағат 13:00 шамасында Қарасай батыр көшесінде болғанын мәлімдеді.
Полицияға көшедегі оқиғаға бей-жай қарамаған куәгерлер хабарласқан.
Полиция келген уақытта әйел өзінің 12 жастағы қызына белгісіз еркек күш көрсеткенін айтқан. Белгілі болғандай, кәмелетке толмаған қыз мектепке бара жатқанда ер адам одан ақша сұраған. Қыз одан қашып кеткенде, артынан ілесіп келіп, аялдамадағы орындыққа күштеп отырғызған. Сол кезде көшедегі адамдар бұл әлімжеттікті байқап, полицияға хабарласқан.
Балаға күш көрсеткен 39 жастағы ер адам Өзбекстан азаматы болып шықты. Ол Қарасай ауданының полиция бөліміне жеткізілді. Аталған факт ҚР ҚК 24-бабы 3-бөлігі және 191-бабы 2-бөлігі бойынша тіркеліп, тергеу басталды. Өзбекстан Республикасының аталған азаматы ӘҚБтК-нің 517 бабының 4-бөлігін бұзғаны үшін әкімшілік сотпен 30 тәулікке қамауға алынды, – деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.Дайана Тоқберген